Сарыағашта облыс әкімі соңғы мүмкіндік берген мердігер мектепті әлі жөндеп бітпеген

480

Жаңа оқу жылы басталса да Сарыағаш ауданы Көктерек кентіндегі №16 И.Панфилов мектебінде күрделі жөндеу жұмыстары әлі бітпеген. Соған қарамастан оқушылар бұл білім ұясында оқуға мәжбүр. Айта кетейік, бұған дейін Түркістан облысының әкімі жөндеу жұмыстарын созбалаңға салған мердігерге қатаң ескерту жасап, 25 тамызға дейін жұмысты аяқтау керектігін тапсырған болатын.

Аталған мектептің видеосы әлеуметтік желіде пайда болды. Оны Ұлықбек Үмбетұлы есімді жергілікті журналист 2 тамызда түсірген. Бейнежазбадан мектеп ішіндегі жөндеу жұмыстары қызу жүріп жатқанын, техникалық персоналдардың топырлап жүргенін көруге болады. Автордың желі парақшасында жариялаған тағы бір жазбасына сүйенсек, жөндеу жұмыстарын ертерек бітіру үшін оқушылар да көмекке келген көрінеді.

«Кейбіреулер мұғалімдерді жұмысқа салған шығар деп ойлауы мүмкін. Білмедім. Бірақ мен барғанда мұғалімдер жүрген. Ұстаздарды қоя беріңіз, бұл мектепте құрылыс жұмыстары тез бітуі үшін оқушылар да көмекке келгендерін айтады» деп жазды журналист.

Облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасындағылар білім ұясында жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқанын растады. Соған қарамастан 1 қыркүйек күні мектепте дәстүрлі түрде қоңырау соғылып, оқушыларға тәрбие сағаттары өткізілген. Ал 2-3 қыркүйекте, яғни демалыс күндері мердігерлер тарапынан мектеп ішінің әрлеу, сырлау жұмыстары жүргізіліпті және бұл жұмыстарға ұстаздар тартылмаған.

«Аталған мектепте бүгіннен бастап (4 қыркүйек: автор) дәстүрлі түрде сабақ өтуде. Ішкі жұмыстар толығымен аяқталды. Қазіргі таңда балалардың оқу процесіне кедергі келтірмейтін жұмыстар жүргізілуде. Яғни, сыртқы жұмыстар жүргізіліп жатқан жерлер толығымен қоршалған. Сыртқы жұмыстарды 15 қыркүйекке дейін аяқтау жоспарлануда» делінген басқарма мәліметінде.

Мердігердің жұмыс кестесінен кешіккені бойынша тиісті органдарға хабар беріліп, айыппұл салыныпты. Оған қоса құрылыс компаниясына қатысты заңда көрсетілген нормативтерге сәйкес шаралар көріліп, қолданыстағы заң аясында жұмыстар жүргізілетін болады.

Еске салсақ, бұған дейін Сарыағаш ауданына жұмыс сапарымен барған облыс әкімі Дархан Сатыбалды аталған білім ұясына арнайы барып, күрделі жөндеу жұмыстарымен танысқан еді.

«Не істеп отырсыз? Шамаңыз келмесе, неге тендер алып жүрсіз?  Осыншама уақыт созып, енді сылтаумен тойдырмақсыз. Сіз 1300 баланы далада қалдырайын деп отырсыз. Мемлекет қаражатын алып, халықты алдап отырсыз. Адам жетпесе, бауырларыңызды, басқаны алып келіңіз. 25-іне (тамыз айы: автор) бітіру керек. Сізге соңғы мүмкіндік беріледі. Атүсті жүріп жұмыс істеген соң сапа да оңбайды. Сапасын бақылау күшейтіледі»,-деген болатын облыс басшысы.

Айта кетейік, құрылыс компаниясы күрделі жөндеуді өткен жылдың қазан айында бастап, биыл тамыз айының соңында аяқтауы тиіс болған. Осыған дейін жұмысты жылдамдату туралы талай рет ескерту алған. Құрылыстың жалпы құны – 247,3 млн теңге.