Шымкентте көлігімен трюк жасаған тұрғын жауапкершілікке тартылды

34
фото Полиция.кз

Шымкенттік тұрғынға көлігімен трюк жасағаны үшін үш бап бойынша айыппұл салынды, – деп хабарлайды Polisia.kz. Hyundai Grandeur автокөлігінің 19 жастағы тізгіндеушісі бағдаршамның қызыл түсін елемей, көшеде кері жүріспен жүрген.

Жасөспірім Тәжібаев – Қонаев даңғылының қиылысында көліктер көп жүретін жерде ақылға сыйымсыз трюктар жасаған. Жүргізушісінің дөрекі әрекетіне таң қалған басқа жол қозғалысына қатысушылар заң бұзушылықты видеоға түсіріп алған. Бейнежазбаны Шымкент КПД қызметкерлері әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізу кезінде анықтады. Тәртіп бұзушыны ұстауға Әл-Фараби АПБ-ның патрульдік полицейлері бағытталды. Нәтижесінде, оған қатысты ҚР ӘҚБТК-нің 595-бабы 2-бөлігі (Мұндай маневрлер жасауға тыйым салынған жерлерде артқа жүру), 594-бабы 2-бөлігі (Жол жүрісі қағидаларының жол қиылыстарынан өтудің басымдық құқығын пайдаланатын көлік құралына жол беру талабын орындамау) бойынша хаттама толтырылды.

Сонымен қатар, жігіттің көлік құралын пайдалану қағидаларын бұзғаны үшін жауапқа тартылғанына бір жыл толмаған болып шықты. Бұл құқық бұзушылықты қайта жасаған ер азаматқа ҚР ӘҚБТК-нің 590-бабы 10-бөлігімен (Көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзу) әкімшілік жаза қолданылды. Жүргізуші өз кезегінде жол қозғалысы ережелеріне салғырт қарағаны үшін кешірім сұрап, алдағы уақытта мұндай әрекетке жол бермейтінін атап өтті.

Ақпарат көзі Polisia.kz сайтында: https://polisia.kz/shymkentte-koligimen-tryuk-zhasaghan-turghyn-zhauapkershilikke-tartyldy/