Статистика: Қазақстанда 18 200 азамат есірткіге тәуелді

133
фото Ұлт.кз

Қазақстанда есірткіге тәуелді 18 мың 200 адамның 1,5 мыңы әйел. 100-і кәмелеттік жасқа толмаған жасөспірімдер. Түрмеде отырған мыңнан астам адам есірткіге тәуелді. Бұл ресми стаистиканы ІІМ-і жария етті.

Жауаптылар дабыл қағуда. Республика аумағында есірткіге тәуелділердің саны ресми статистикалық мәліметтерден едуір жоғары. Қоғамда белең алған бұл күрделі мәселені шешу мақсатында кешенді жоспар іске асырылмақ. Нашақорлық пен есірткі бизнесіне қарсы күрес жөніндегі құжат 2023-2025 жылдарға арналған. Келер жылдан бастап есірткіге тәуелді адамдарды анықтау бойынша жоспарлы жұмыс атқарылмақ

Бақытжан Әмірханов, ҚР ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаменті бастығының орынбасары: «Кешенді бағдарламада көрсетілген 2024 жылдың жарты жылдығында азаматтардың есірткіге тәуелділігін анықтау бойынша тест жүргізуді заң жүзінде жүзеге асыру қажет. Себебі осыдан 10 жыл бұрын ата-аналар оқушыларды есірткіге тәуелділікке тексеруге қарсы болатын. Ал қазір қолдап отыр. Тіпті басым көпшілігі тексеру қажет дейді. Өйткені дәріханалық наркоманияны анықтау мүмкін емес. Әрине балаларды ешкім мәжбүрлеп тексермейді. Ол заңға сәйкес, жоспарлы түрде, денсаулығын тексеру барысында бірқатар анализдер тапсыру арқылы анықталады. Және халықаралық тәжірибе бойынша АСИСТ -тест писхологтың қатысуымен жүзеге асады».

ІІМ өкілі 2016 жылдан бері нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрес жөніндегі 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспар сынды бағдарламалық құжат болмағанын айтады. Соңғы құжат 2012-2016 жылдарға арналған. Маман содан кейін мемлекеттік ауқымда мұндай құжат қабылданбағанын жасырмады.

«Жағдайдың өзі жастардың бейім екендігін көрсетіп отыр. Есірткіге тәуелділер көп, қылмыстық жауапкершілікке де жиі тартылып жатыр. Сондықтан да бұл дер уақытында қабылданған іс-шара. Біз таяу үш жылдың ішінде межеленген барлық тармақты жүзеге асырып, елдегі есірткіге қатысты ахуалды тұрақтандыруымыз қажет», – дейді Бақытжан Әмірханов.

Бақытжан Әмірханов, ҚР ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаменті бастығының орынбасары: «Құқықтық статистика комитетінің ресми мәліметі бойынша республикада 18 200 адам есірткіге тәуелді. Олардың 1 жарым мыңы әйелдер. 100-і кәмелеттік жасқа толмаған жасөспірімдер. Ал бейресми мәліметтерде көрсеткіш бұдан 5-6 есе жоғары Өйткені, есеп жүргізілмеген. Енді осы олқылықты жоюға кешенді жоспардағы шаралар бағытталады».

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметі бойынша есірткіге тәуелділерді анықтау мақсатында аймақтарда арнайы 20 орталық жұмыс атқаруда. Олар енді наркологиялық диспансер емес. Атауы психикалық денсаулық орталығы деп өзгертілді. Облыс орталықтарында қалалық емханаларда 76 алғашқы көмек көрсететін орталықтар және аудандарда 212 арнайы кабинет жұмыс істейді. Аталған орталықтарда медициналық көмек пен кеңес алу тегін.