Студенттер қайда қонып жүр?

79

Биыл республика бойынша 23 мыңнан аса студент жатақханадағы орын тапшылығын сезініп отыр. Былтыр бұл көрсеткіш 69 мыңды құраған болатын. Арман қуып ірі қалаларға оқуға түсетін жастардың баспана мәселесі қалай шешілуде?

Бүгінде Шымкентте 4 мыңнан аса студент бар. Солардың бірі жетісайлық Жұлдыз Нұрышева. 1 курс студенті Жұлдыз үшін студенттік үйге орналасу қиын болмаған көрінеді. Талаптарға сай қажетті құжаттарды жинап, бүгінде жатақхананың бір бөлмесінде 2 қыз болып тұрып жатыр.

Жұлдыз Нұрышева, 1 курс студенті:»  Бейнелеу факультетінде оқимын. Жатақхана ұнады , өте жақсы.бір ұнағаны ішінде барлық жағдай жасалған. Жуынатын бөлме, дәретханасы ішінде. Мұнда  көп қыз тұрмайды. Сонысы өте қатты ұнайды. Жанымдағы қыз да өте жақсы қыз».

Бүгінде үшінші мегаполис студенттерінің мүддесіне жауапты қызметкер бекітілді. Ілияс Таекеев қызметін бастағанына аз уақыт болғанына қарамастан, студенттерді жайлы орындарына орналастырып үлгерді. Ол қазір үшінші мегаполистегі жекеменшік және мемлекеттік оқу ордаларының жатақханаларына зерделеу жұмысын жасап, студенттердің мүддесі үшін еңбек етіп жүр.

Ілияс Таекеев, Шымкент қаласының студенттер омбудсмені: «Қазіргі уақытта Шымкент қаласында айтып кеткендей орын жеткілікті. Бірақ кейбір ватсап месенджерлеріне хабарласып жатыр, біз үшінші курс орын жетпей жатыр дегендерді біз яғни жатақханалармен байланыса отырып, сол жерге барып өзіміз орналастырып жатырмыз».

Қазіргі уақытта елімізде 380-нен астам студенттер жатақханасы бар. Мемлекет студенттерді қолжетімді бағадағы баспанамен қамту мақсатында жекеменшік хостелдермен келісімшартқа қол қойған. Қарапайым жатақханалардың төлем бағасы 3 мың мен 20 мың аралығында болса, ал хостелдерде 30-60 мың теңгені құрайды. Мамандар бұл сумма пәтер жалдап тұрғаннан әлдеқайда тиімді дейді. Айта кететін жайт, әрқашан жатақханаға бірінші кезекте алыстан қоныс аударған , көпбалалы отбасыдан шыққан, оқуы озат, әлеуметтік осал топтағы азаматтар орналастырылады.