Түркістан облысында балабақша тәрбиешісі бүлдіршінді ұрып-соққан

2030

Түркістан облысы Келес ауданында тәрбиеші 2 жасар бүлдіршінге күш қолданған. Оқиға жекеменшік «Ақмаржан»  балабақшасында болған.

Бұл сәттің видеосы Telegram желіcінде пайда болды. Онда балабақша тәрбиешісі алдымен балаға ұрысып, кейін қол жұмсағанын көруге болады.

Оқиғаға қатысты облыстық білім басқармасындағылар пікір білдірді.

«Ақмаржан» бөбекжай балабақшасының тәрбиешісі тарапынан тәрбиеленуші бүлдіршінге күш қолданғаны балабақшадағы бейнекамера арқылы анықталған. Қазіргі таңда тәрбиеші жұмыстан босатылды. Баланың анасы полиция бөліміне арыз түсіріп,  арыз бойынша қылмыстық іс қозғалуда» делінген ведомство мәліметінде.

Ал балабақша меңгерушісіне шара көру не көрмеу қылмыстық істің қорытындысына сәйкес белгілі болады.

Облыстық Полиция департаментіндегілер бүлдіршіннің анасы аудандық полиция бөліміне арыз түсіргенін растады. Қазіргі таңда оның арызы негізінде тергеу жүргізілуде.

«Аталған жайт ҚР ҚК-нің 140-бабы 2-бөлігі (Кәмелетке толмаған адамды тәрбиелеу жөнiндегi мiндеттердi орындамау) бойынша тіркелді. Тиісті сараптамалар тағайындалды. Оқиға туралы бейнежазба айғақты зат ретінде тәркіленді. Қазіргі таңда тергеп-тексеру амалдары жалғасуда. Оқиғаның толық мән-жайы анықталуда. Іс бойынша тергеу Түркістан облысы полиция департаменті басшылығының бақылауында» деп хабарлады полициядан.