Түркістанда жаңа үлгідегі учаскелік полиция бекеті ашылды

68

Түркістан қаласында жаңа үлгідегі учаскелік полиция бекеті ашылды. Жаңа полиция пункті Түркістанның тұрғындары қарқындап өсіп келе жатқан Отырар шағын ауданындағы көпқабатты үйдің бірінші қабатында орналасқан.

Жергілікті полицейлердің жаңа ғимаратқа қоныстануына арнайы келген ҚР Ішкі істер министрі Ержан Саденов, Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды, Түркістан облысы полиция департаментінің бастығы Мұрат Қабденов жаңа бекеттің жұмысымен танысып, жергілікті тұрғындармен жүздесті.
Учаскелік бекет қажетті құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілген. Учаскелік инспектор тұрғындардың арыз-шағымын осында қабылдап, кез-келген мәселеге дер кезінде ден қояды. Мұнда учаскелік полиция инспекторлары, кәмелетке толмағандар істері жөніндегі инспекторлармен қатар, көші-қон қызметі, әкімшілік практика, пробация қызметкерлерінің жұмыс орындары, демалыс орындары қарастырылған. Ерікті көмекшілерге арналған кабинет, азаматтарды қабылдау бөлмесі, ана мен бала бөлмесі де бар.
Мүмкіндігі шектеулі тұлғаларға кедергісіз кіруге жағдайлар жасалған, оның ішінде арнайы жабдықталған санитарлық тораптар да бар.
Полиция пункті бейнебақылау жүйесімен жабдықталған және мұнда қызмет көрсететін аумағының бейнебақылау камералары шығарылған. Мұның барлығы полицияның ашықтығы, қолжетімділігі, құқық бұзушылықтар мен азаматтардың өтініштеріне жедел ден қоюы үшін жасалған.
— Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан» құру туралы идеясының негізгі мақсаты – елдің тұрақтылығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Қоғамның мүддесі мен талап-тілегін ескере отырып, осы мақсатта жұмыла әрекет етуіміз қажет. Бұл жауапты іс тікелей құқық қорғау саласы қызметкерлерінің адал еңбегі арқылы жүзеге асады. Сондықтан полицияның кедергісіз қызмет етуіне әкімдік тарапынан барлық қолдау көрсетілуде. Бұл — халықтың қауіпсіздігін арттыруға бағытталған қарқынды қадам деп білемін. Елдің амандығы мен құқықтарының сақталуы ішкі істер саласының қызметкерлеріне ғана емес, қоғамның алдындағы міндет. Бұл жұмыстарды бәріміз бірлесе атқаруымыз қажет,-деді Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды.
Өңірде қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселесіне күш салынған. Атап айқанда, қоғамдық тәртіпті сақтауға өз үлесін қосу үшін «Ұлттық Ұланның» әскери бөлімін құру қолға алынды. Ұландықтарды орналастыру үшін Түркістан қаласынан арнайы ғимарат белгіленіп, құрылыс жұмыстары жүруде.
Биыл полиция департаментінің жаңа ғимараты пайдалануға тапсырылды. Ғимараттың аумағы — 15 мың м2. Департамент жанынан Жедел басқару орталығы ашылды. Полиция қызметкерлеріне былтыр 252 жаңа көлік табысталса, биыл тағы да 30 автокөлік алынды.
Ел Президентінің полицияны сервистік моделге көшіру туралы тапсырмасына сәйкес, 2021 жылдан бастап облыста ведомствоаралық топтар құрылып, жұмыстарын атқаруда.