Желіде Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шымкент қалалық департамент қызметкерлерінің «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕ АҚ қалалық филиалында тінту жүргізген сәтінің видеосы пайда болды.
Бейнежазба ғимаратқа қойылған бейнебақылау камерасынан алынғанын байқауға болады. Онда ҰҚКД бір топ қызметкерінің орталыққа жедел кіріп, кейін ондағы жабық тұрған кабинеттің есігін бұзып кіргені анық көрінеді.
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕ АҚ Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментінің (ҰҚКД) қызметкерлері тінту жүргізгенін растады. Арнайы операция 1 қыркүйекте өткен.
«Тінту барысында жер учаскелерінің шекараларын заңсыз ауыстыру бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізу шеңберінде бірқатар жер-кадастрлық істер тәркіленді. Айта кетейік, бүгінгі таңда ҰҚКД-дан жоғарыда аталған іс-шаралар бойынша Мемлекеттік корпорация атына түсініктеме берілмеген» делінген мәліметте.
Редакция тарапынан ҰҚК Шымкент қалалық департаментіне сұраныс хат жолданды, әзірге ведомстводағылар пікір білдірмеді.