Адам саудасымен күрес мәселесі талқыланды

44

 

Шымкент қалалық кәсіпкерлер палатасында туризм бойынша кеңестің отырысы өтті. Кеңес төрағасы, жарнама агенттіктері қауымдастығының төрағасы Абдуғали Сейдуалиевтің модераторлығымен өткен жиынға кеңес мүшелері, кәсіпкерлер, полиция және әділет департаменттерінің жетекшілері қатысты.

Күн тәртібінде қазіргі таңда қоғамдағы келеңсіз үрдіске айналған адам саудасымен күрес мәселесі талқыланды. Шымкент қалалық полиция департаментінің өкілі Қуаныш Жандосов құқық қорғаушылар тарапынан мұндай заңсыз әрекеттерді анықтау және алдын алу бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады.

«Полиция департаменті тарапынан адам саудасымен, жұмысшылардың еңбегін қанау әрекеттерімен күрес жұмыстары жан-жақты жұмыс жүргізілуде. Жуырда ғана Шымкент маңындағы кірпіш зауытында шетелдік 64 азамат анықталды. Жұмыс беруші олардың құжаттарын алып қойып, еңбектерін заңсыз пайдаланған. Осындай жағдайларды болдырмау мақсатында біз барлық тиісті органдармен алдын алу және түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келеміз», – деді полиция департаменті ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының бөлім бастығы Қуаныш Жандосов.

Жиында «Сана-сезім» қоғамдық бірлестігінің директоры Шахноза Хасанова да баяндама жасады.

«Адам саудасы мен оның еңбегін қанау қазіргі таңда өте өзекті мәселе болып отыр. «Сана-сезім» қоғамдық бірлестігі де түрлі мемлекеттік органдармен бірге осы келеңсіздікпен күресіп келеміз. Қиын жағдайға түскен адамдар біздің сенім телефонына хабарласса, оларға тиісінше көмек көрсетіледі. Прокуратура, полиция, еңбек және халықты әлеуметтік министрлігі, түрлі халықаралық ұйымдардың өкілдерімен бірге мобильді топтар құрылып, түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келеміз. Сіздермен бірге жиын өткізіп отырған мақсатымыз – туризм саласы шетелдік азаматтармен жиі жұмыс істейтін сала саналады. Қызмет көрсету барысында осындай түйткілдерді назарда ұстасаңыздар екен», – дейді Шахноза Хасанова.

Жиында адам саудасы мен еңбегін қанау тақырыбына қатысты бейнеролик көрсетілді. Қатысушылар күн тәртібін сай сұрақтарды талқылап, тиісті мамандардың жауабын алды.