Жоғалған баланың туыстарын тәртіп сақшылары 3 сағат бойы іздестірді. Әл-Фараби АПБ-ның «102» арнасына қала тұрғыны хабарласып, 4 жасар баланы жалғыз жүрген жерінен тауып алғанын жеткізді.
Шақырту түскен мекенжайға кезекші инспекторлар шұғыл барып, баланы полиция басқармасына жеткізді. Ізінше барлық жеке құрамға бағытта беріліп, бүлдіршіннің туыстарын іздеу жұмыстары басталды.
Балақайдың тілі анық шықпағандықтан, оның ата-анасы мен тұрғылықты жері туралы қандай да бір мәлімет алу мүмкін болмады. Өз кезегінде, тәртіп сақшылары ойын баласының көңілін аулап, оған түрлі тәттілер алып берді.
Полицейлер үш сағат бойы кішкентайдың табылған аумағын шолып, куәгер болуы мүмкін азаматтардан сұрастырды. Кейін, баланың ата-анасы да 102 арнасына хабарласып, іздеу жариялағаны анықталды.
Белгілі болғандай, ерлі-зайыптылар кішкентайын атасына қалдырып жұмысқа кеткен. Ал, атасы немересін аулаға ойнауға шығарып, кейін таппай қалған. Абырой болғанда, айналасына немқұрайлы қарамайтын азаматтың және полиция қызметкерлерінің арқасында бала аман-есен ата-анасына табысталды. Қала тұрғындары тәртіп сақшыларына шын жүректен алғыс білдірді.