Ауыл шаруашылығы қарқынды даму үстінде

43

Түркістан облысына қарасты Қазығұрт ауданы ауыл шаруашылығын дамытуға аса қолайлы аумақ. Ауданда жайылым жер көп. Сондықтан да мұнда күн көрісін төрт түлікпен байланыстыратын қазығұрттықтар мал шаруашылығын дамытып отыр. Мал бордақылап, сүтінен құрт, қаймақ, айранын сатып әжетіне жаратады. Қазығұрттың бетінде майы кілкіген қымызына сұраныс көп.

Қазығұрт ауданында негізі ауыл шаруашылығы саласы аудан экономикасының көрсеткіші болып табылады. Биыл ауданда жалпы өнім көлемі 10 айда 57,6 миллиард теңгені құрады. Алдыңғы жылдармен салыстырғанда өнеркәсіп өнімі көлемі де жүз пайыздан асып жығылады. Негізгі капиталға бағытталған инвестиция 19,8 млрд. теңгеге орындалды.

Кәсіпкерлердің аудан экономикасына қосып отырған үлесі орасан. Жеке кәсіпкерлер инвестициясы 16,4 миллиард теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 51,9 пайызға артып отыр. Ауданда мемлекеттік-жекешелік әріптестік бағытында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Әсіресе мектеп салуда кәсіпкерлердің көмегі көп болып тұр. Қазығұрт ауданында 2023 жылы 7 мектеп, 200 орынды 2 Мәдениет үйі, екі қабатты 2 тұрғын үй және 1 фельдшерлік-акушерлік пункт құрылысы жүргізіліп жатыр…

Ауыл шаруашылығы өнімдерінің нақты көлем индексінің жылдық межесі 66 347,3 млрд. теңге болса, орындалуы 57 602,4 млрд. теңге болып, 86,8 пайызды құрады. Ауыл шаруашылығының негізгі капиталына тартылған инвестициялардың өсімінің жылдық межесі  3 800 млн. теңге болса,  10 айда орындалуы 1 743,7 млн. теңге болып, 124,8 пайызды құрады. Тамақ өнімдері өндірісінің негізгі капиталына тартылған инвестициялардың жылдық межесі 1 200 млн. теңге болса, 10 айда орындалуы 1 538,2 млн. теңгені құрады.

Жылыжай шаруашылығы да қарқынды дамып келеді. Биыл жаңадан 12 гектар жылыжай қосылып, жылыжай көлемі 174,78 гектарды құрады. Жалпы, Қазығұрт ауданында жылыжай шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлер көп. Олар жылжылыжайларда қызанақ, қияр, тәтті бұрыш өсіреді. Және де гүл өсірумен айналысатын кәсіпкерлер де баршылық. Қазығұрттың жылыжайында өсірілген өнімдер еліміздің түкпір түкпіріне жөнелтілуде. Одан бөлек шетелге де экспортталады. Мал шаруашылығымен айналысатындардың да жетістігі жетерлік. Биылғы 10 айдың қорытындысы бойынша ет өндіру – 23,7 мың тонна, сүт өндіру – 51 мың тонна, жұмыртқа өндіру 6,4 миллион дананы құрады. Бүгінгі таңда ірі қара мал – 73,1 мың, қой – 349,3 мың, ешкі – 19,4 мың, жылқы – 36,2 мың, үй құстары 85,9 мыңды құрап отыр. Жыл соңына дейін Қазығұрт ауданында өндірілген өнімдердің көлемі көбейетіні сөзсіз. Шаруалардың санақ жүргізетін уақыты да таяп келеді.