Шымкентте бір сәтке басқарусыз қалып, 5 адамның өмірін қиған автобус жүргізушісіне сот үкімі шықты. Күдікті деп танылған 49 жастағы қала тұрғыны 5 жылға бас бостандығынан айырылды. Алайда жәбірленуші тарап, қылмыстың салмағына қарап тағайындалған жазаны аз деп отыр.
Шымкентте орын алған жантүршігерлік жол апатына қатысты сот шешімі шықты. Бірер сәтке басқарушысыз қалып, 5 адамның өліміне себепкер болған автобус жүргізушісі 5 жылға бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар, сотталушы апаттан тірі қалған 18 жасар қызға моральдық шығын өтеп беретін болды.
Жанат Мүсірәлі, Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының судьясы: «Юлдашев Хайрулла 345-баптың 4-бөлігі бойынша кінәлі деп танылсын. Оны осы бап бойынша көлік құралын айдау құқығынан 7 жылға айыра отырып, Юлдашев тағайындалған жазаны ҚАЖ-нің қауіпсіздігі барынша төмен мекемеде өтеу белгіленсін. Жазаны өтеу мерзімі 2023 жыл 17 қазаннан бастап есептелсін»
Сотталушыға қатысты ҚР КК 345-баптың 4-бөлігі «Абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан жол жүру ережесін бұзу» бойынша іс қозғалды. Жарыссөзде прокурор сезіктіні 8 жылға соттауды сұрады. Алайда жәбірленушілер көлік жүргізуішісіне кешірімін беріпті. Өз ісіне өкінетінін айтқан Юлдашев апат орын аларда автобусты қол тежегішке қойып кеткенмін деп сендірді.
Хайрулла Юлдашев, сотталушы: «Бала-шағам бар, отбасымның жалғыз асыраушысымын. Мен де өкінемін бұл істің орын алғанына. Қасақана істемедім. Мен қол тежегішті тартып кеттім. Әркім енді өзіне жаман ой ойламайды ғой. Мен өзімнің машинам сияқты сеніп, тастап кетіп едім. Бұған дейін де солай кіретінбіз. Себебі соңғы тұрақта дәретхана жоқ. Сондықтан сол жерге барып, әжетханаға кіретінбіз. Енді білмеймін, автобустан болған деп ойлаймын. Себебі бұған дейін де қол тежегішке қойылған автобустар жүріп кеткені болған еді».
Жанар Кемелова, Х. Юлдашевтің жары: «Енді амалымыз жоқ. Келіспегенде не қыламыз оған. Жәбірленушілер кешірім берген соң, бұдан да жеңіл жаза қолданады деп ойладық. 15 күн ішінде тағы апелляцияға беріп көреміз. Бұл істе автопарк кінәлі деп ойлаймын. Себебі бұған дейін де осындай жағдайлар болған. Видеодан ашып қарадық. Автобус жүріп кеткенге дейін бірнеше уақыт қимылдамай орнында тұрған».
Жәбірленуші тарап қайтыс болған бауыр еті баласының жаны тынышталсын деп кешірімді бергенін айтады. Десе де қаза болған Айзадахан Атаболатованың анасы 5 жылды аз деп санайды.
Алтынай Тұңғатаева, марқұм А. Атаболатованың анасы: «5 адамның өмірі кетіп отыр бұл жерде. 5 жыл деген аз менің ойымша. Менің асыраушым кетіп отыр. Кешірдік енді Алланың өзі кешірсін, бірақ 5 жыл аз ғой. Мұсылман болған соң кешірдік. Оған қоса, 5 баласы бар екен. Тағдырдың ісі деп қойдық, амал жоқ көнеміз енді. Жеңілдетіп жатса біз шығамыз қайтадан. Негізінде кешірдік».
Ал марқұм Айсана Тұрымбетованың әкесі Юлдашевтің отбасы 6 айдан кейін келіп кешірім сұрағанын айтады. Ол бұл істе жүргізушімен қатар автопаркті де жазаға тарту керек еді дейді.
Садықбек Тұрымбетов, марқұм Айсана Тұрымбетованың әкесі: «Қайта-қайта келіп кешірім сұрады. 1 қойын алып келді. Бірақ 6 айдан кейін келді. Сонда да кешірім бердік. Бірінші кезекте автопарк кінәлі. Бәрі Қытайдың көлігі. Олардан ақау кетіп жатады. Автобаза бұл жерле оңай құтылып кетіп отыр»
Айта кетейік, 8 сәуір күні Бәйтереков пен Назарбеков көшесі қиылысында тізгіншісіз автобус 6 адамды қағып кетті. Салдарынан 3 адам оқиға орнында қаза тапса, тағы 2 тұрғын ауруханада көз жұмған. Апаттан тірі қалған 18 жасар Дариға Сейдалиева қазір 3 топ мүгедегі. Еске салайық, сот шешімі толық күшіне енген жоқ.