Шымкентте 13 мыңға тарта кәсіпкерлік нысан бар. Олар қала дамуына өз үлесін қосып келеді. Сондықтан мегаполис басшысы бизнес иелерінің басын қосып, толғандырған мәселесін тыңдады.
Үшінші мегаполисте өңірлік кәсіпкерлер кеңесі өтті. Онда бизнесті дамыту жолдары талқыланып, түйіткілді мәселелер ортаға салынды. Мәселен, Қанат Досымовтың «Жұлдыз» индустриялық аймағында пластмассадан өнім шығарады. Алайда ол электр қуатының жеткіліксіздігінен жұмыстың тұралап тұрғанын айтады.
Қанат Досымов, кәсіпкер: «Жұлдыз» индустриялық аймағында 50 шақты кәсіпкерлік бар. Алайда мұнда электр желісімен мәселе бар. Алдында сөйлесіп жарық жағын уақытша жөндегенбіз. Бірақ оның өзі аз. Электр қуаты бізге жетпей отыр».
«Тассай» индустриялық аймағында орналасқан кәсіпорынның құрылғанына 6 жылға таяды. Олар тамақ өнеркәсібімен айналысады. Басында 7 ғана адаммен басталған кәсіпкерлік нысан қазір 300 адамды жұмыспен қамтып отыр.
Абай Мырзабаев, «NURTAU Distribution» ЖШС бас директоры: «Кондитерлік өнімдер, сағыз өнімдері, тәттілер мен қатар ыдыс жуатын сұйықтықтар шығарып жатырмыз. Алдағы 2-3 жылда 2 мыңға тарта адамды жұмыспен қамтимыз деп сенімді айта аламын. Жас кәсіпкерліктен орта бизнеске жеттік. Осылайша еліміздің дамуына өз үлесімді қосып келе жатырмыз».
Шымкент қаласы 2022 жылы инвестиция үшін ең тартымды қала болып танылды. Алайда әкім орынбасары көп мәселе жерге байланысты туындайтынын айтады. Сөзінше бұған дейін кәсіпкерлік аймақтар ретсіз беріліп отырған.
Айдын Кәрімов, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары: «Шымкенттің үздік атану себебі қалада әрқашанда тынымсыз тіршілік жүріп жатады. Динамика қарқыны жақсы. Алайда осы динамика салдарынан тек санға мән беріліп кетеді. Кәсіпкерлерді шақырып, міне жер, алыңдар деген. Арнайы жүйемен жұмыс істемеген. Жерді берген кезде инфрақұрылым 1 жылдан соң беріледі деп айту керек еді. Сөйтіп сол аралықта мәселені шешу керек. Алайда 1 жыл ішінде инфрақұрылым жеткізілмеген. Сондықтан мәселе үсті үстіне жинала береді».
Ал халық қалаулысы Ноян Төлегенов салық жүйесі бойынша қала басшысына өз ұсынысын жеткізді.
Ноян Төлегенов, Шымкент қалалық мәслихат депутаты: «Соңғы 2 жылда кәсіпкерлер үшін қиын болды. Көп шығынға батты. Сондықтан бөлшек салық мөлшерін 4 пайыздан 2 пайызға төмендетуді ұсынамын».
Айта кетейік, қаламызда кәсіпкерлік субъектілер саны 130 мыңнан асты. Онда 240 мыңнан аса тұрғын жұмыспен қамтылған. Ал өндіріс көлемі 547 млрд. теңгеден асты.