Бұл мерекенің маңызы мен мағынасы зор

65

Құрметті Қазақстан Республикасының азаматтары!
Сіздерді Республикамыздың әр азаматы үшін айтулы мереке – Республика күнімен құттықтаймын!

Республика күні – араға жылдар салып қайта жаңғырған ұлттық мереке. Бұл мерекенің маңызы мен мағынасы зор. Бүгінгі Тәуелсіз Еліміздің жетістіктері мен жарқын істері – жылдар бұрынғы еліміздің жалынды жастарының ерліктерінің нәтижесі. Еліміз айтарлықтай дәрежеде дамып, өзгерген. Мемлекетіміздің реформалары мен бағдарламаларының жүйелілігінің арқасында Республикамыз күннен-күнге кемелденуде. Еліміз түрлі әлемдік жобалар мен олимпиадаларға қатысып, жеңіс Туымызды желбіретуде. Келер ұрпақтың кемелді болуы үшін қай салада болмасын жастарымызға зор мүмкіндіктер беріліп, жағдай жасалуда.

Мемлекеттік қызмет көрсету барысы да оңтайланып, халықтың көкейтесті сұрақтарына, жүгінулеріне дер кезінде жауап беру басты міндет етіп қойылды. Мұның барлығы Республикамыздың әрбір азаматының пікірі бағалы екендігін көрсетеді.

Осы орайда, адамзат үшін ең басты құндылықтардың бірі денсаулық екенін атап өткім келеді. Салауатты ел болу үшін алдымен деніміз сау болуы керек. Жалпы санитариялық-эпидемиологиялық сала бірнеше адамның ғана емес, бүтін қоғамның денсаулығын сақтау жолында қызмет етеді. Сондықтан да, жай күндері де, мереке күндері де біз әртүрлі жұқпалы және жұқпалы емес аурулардың алдын алу жолдары және індетке қарсы іс-шаралар туралы айтудан жалықпаймыз.

Бүгінгі күнде елімізде, оның ішінде Шымкент қаласында қызылша ауруының эпидемиологиялық жағдайы күрделенуде. Егер әр азамат өз денсаулығына жауапкершілікпен қараса, ол адам өзінің ғана емес, жақындарының, қала берді қоғамның денсаулығының жақсаруына үлес қосар еді. Сол себепті біз әр азаматты сақтық шараларын ұстауға шақырамыз. Ең басты мақсат – адамдардың денсаулығы мен өмірінің қауіпсіздігі.

Салтанатты мереке қарсаңында Сіздерге алдымен зор денсаулық тілей отырып, Республикамыздың мәртебесі биіктеп, келешегі көркейе берсе екен деген ыстық ықыласымды жеткіземін.

Қазақстанның тұрақты дамуы мен кемелденуі жолындағы еңбектеріңіз табысты, барлық бастамаларыңыз сәтті болсын!

Төлебаев Әбдіманап Қошқарұлы

Ізгі ниетпен,
Шымкент қаласының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері