Дәрігерлер психикалық аурулардың көбейіп кеткеніне алаңдаулы

Шымкентте «Психикалық денсаулық сақтау қызметінің заманауи жағдайы» тақырыбында ғылыми конференция өтті. Онда бірнеше өңірден жиналған психиатр, нарколог, невролог мамандар мен жас ақ халаттылар кейінгі кезде өршіп тұрған психикалық аурулардың алдын алу, салдармен күресу бойынша кеңесті. Жиында бірқатар баяндамалар оқылып, өзекті тақырыптар талқыланды. 

Депрессия, лудомания, суицид. Мамандар кейінгі уақытта осы сынды психикалық аурулардың белең алғанын айтады. Адамдар мұндай дертке түрлі себеппен шалдығуы мүмкін. Бірақ оның алдын алуға және салдарымен күресуге әбден болады. Бүгін Шымкентте ақ халаттылар осы төңіректегі мәселелерді талқылау үшін жиналды.

Сағат Алтынбеков, Психиатрия және наркология ассоциациясының президенті: «Қазіргі кезде Қазақстанда ғана емес жалпы әлемде психикалық аурулар өте көбейіп кетті. Әсіресе эпидемиядан кейін. Психикалық аурулардың саны да көбейді. Депрессия, суицид, лудоманияға беріліп кеткен адамдар да көбейіп кетті. Міне, соларға қалай көмек беру керек, қандай жолдары бар? Соны талқылау үшін жиналып отырмыз».

Тұрсынай Момынова, дәрігер-психиатр: «Аутизм тақырыбы- актуалды мәселелердің бірі болып тұр. Сондықтан қазір көп көңіл бөлудеміз, халыққа түсіндіру үшін, ата-аналарға түсіндіру үшін және жас дәрігерлерге үйрету үшін. Жылдан-жылға көбейіп келе жатыр деп айтсақ болады. Мысалы былтыр бізде 363 бала еспте тұрса, биыл 430-ға жетіп отыр».

Дәрігерлер Қазақстанда психикалық дертке шалдыққандар саны артқанын айтады. Алайда, олардың мамандандырылған медициналық ұйымдардың көмегіне жүгінбеуі дерттің өршуіне әкеліп соғуда. Айта кетейік, бүгінде Шымкент қалалық психикалық денсаулық орталығында 12057 адам есепте тұрады.

Серік Мыңбаев, Психикалық денсаулық орталығының бас дәрігері: «Осы мамандық бойынша бастапқы медицина дәрігерлерінің, невролог дәрігерлерінің ем-дом жүргізу тәсілдерін, әрқайсымыздың жеке жауапкершілігіміздің шектерін белгілеп алу үшін осы іс-шараны өткізіп жатырмыз».

Ғылыми-практикалық конференцияға Алматы, Шымкент қалалары мен Түркістан облысының психиатр, нарколог, невролог, педиатр және жалпы тәжірибелік дәрігерлер қатысты. Жиында сондай-ақ, әсері ұзартылған препараттарды қолдану, психореабилитация, эпилепсия және деменциясы бар пациенттерге медициналық көмек көрсетудің аспектілері бойынша пікірталас өтті. ⁣⁣