Елімізде шағын онлайн-несиелерді алып тастау ұсынылды

Елімізде жалақыға дейін берілетін микронесиелерді алып тастау ұсынылды. Ал қарыз алушылардың құқығын қорғау үшін заңнамалық түзетулер енгізу мәселесі пысықталып жатыр. Бұл туралы бүгін парламенттік тыңдауда айтылды. Жиында ішкі істер мнистрінің орынбасары жыл басынан бері 40 азамат несиесін жабу үшін түрлі қылмысқа барғанын жеткізді.

Жыл басынан бері несие алған 12 қазақстандық азамат өз-өзіне қол жұмсаған. Бұл туралы ІІМ мәлімдеді. Ал қарызға батқан 40 азамат несиені өтеу мақсатында қажетті соманы табу үшін түрлі қылмысқа барған. Министр бұл әрекеттердің оларды ақтамайтынын және барлығы заң бойынша жауап беретінін айтты.

Игорь Лепёха, ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары: “2023 жылы кредит алып, қарызға батқан 12 қазақстандық суицид жасады. Қарызға батқан тағы 40 азамат кредитті өтеуге қажетті ақшаны табу үшін түрлі қылмыс жасады, оның ішінде қарақшылық шабуыл, тонау және ұрлық бар. Бұл әрекеттер ешбір жағдайда оларды ақтамайды және олар заң бойынша жауап береді. Несие аларда, оны төлейтін кезде әркім мұқият ойлануы керек”.

Жиында жалақыға дейін берілетін 172500 теңге көлеміндегі шағын онлайн-несиелерді алып тастау ұсынылды. Мұндай ұсынысты Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі жасады. Агенттік төрағасы Мәдина Әбілқасымова қазіргі таңда елімізде 297 мың адамның 37 млрд теңге проблемалық онлайн-микронесиесі бар екенін атап өтті.

Мәдина Әбілқасымова, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің басшысы: «Мұндай онлайн-микрокредиттер немесе жалақыға дейінгі қарыз қашықтан беріледі. Көп жағдайда қарыз алушы тиісті деңгейде сәйкестендірілмейді, оның төлем қабілеттілігі бағаланбайды. Осыған байланысты агенттік 45 күнге дейін берілетін және сомасы 50 АЕК-тен аспайтын шағын кредитті толығымен алып тастау туралы бастама көтерді».

Агенттік төрағасы онлайн несиелеу компаниялары өз қызметін жалғастыра беретінін айтады. Дегенмен, шағын несиені кез келген мерзімге барлық микрокредиттік ұйым үшін бекітілген бірыңғай ставкамен беру қажет. Ал мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов төлей алмайтын азаматтарға кредит беруге мүлдем тыйым салу керектігін айтты.

Ерлан Қошанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы: «Төлей алмайтын азаматтарға кредит беруге тыйым салып, онлайн кредиттеуді қатаң түрде реттеу керек. Тұрғындардың басым бөлігі артық төлем сомасын түсінбей кредит алады. Осы ойланбай істелген әрекеттер кейінірек ажырасуға, алкоголизмге, суицидке және құмар ойындарына тәуелділікке әкеледі».

Премьер-Министрінің орынбасары Ерұлан Жамаубаев қарыз алушылардың құқығын қорғау үшін заңнамалық түзетулер енгізу пысықталып жатқанын айтты. Айта кетейік, қазіргі таңда елімізде 254 микроқаржы ұйымының ішінде 50 компания онлайн несиелеумен айналысады.