Тәуелсіздік алған 33 жылдың ішінде Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының ғалымдары жүгері және бал құмайдың 50-ден астам гибридті сұрпын шығарды.
Олардың барлығы – қуаңшылыққа төзімді, әрі таптырмас мал азығы. Селекциялық жұмыс мал шаруашылығының дамуына серпін береді, дейді ғалымдар. «Тұран-480», «Тұран-680», «Тәуелсіздік-20»: қазақ селекционерлері шығарған жүгері түрлерінің бірсыпырасы осылай аталады. Олар әртүрлі ауруларға төзімді. Дәндері тамақ өнеркәсібіне қажетті крахмалға бай. Ғалымдар гибридті сұрыптардың өнімділігі жоғары екенін айтады. Бір гектардан 14 тоннаға дейін жүгері дәнін жинауға болады. Бұл экономикалық жағынан өте тиімді.
Әрбір гибридтің өзінің ерекшелігі бар. Мысалы, «Тұран-480» кешенді түрге жатады. Сондай-ақ тек сүрлемге қолданылатындары да бар. Олардың сабағы мол. Ал «Тұран-480» дәнді де, сүрлемді де көп береді. Айман Омарова 45 жылдан бері дәнді-бұршақ тұқымдас дақылдармен және жүгері селекциясымен айналысып келеді.
Ғалымның пікірінше қазір елімізде шетелдік жүгерінің 75 гибриді және 25 қазақстандық гибрид қолданылады.
Мысалы, шағын ғана Сербия шаруашылықта 100-ден астам жүгері гибридін пайдаланады екен. Оның өнімділігі мен дәнінің сапасын арттыру үшін тұқым шаруашылығын көркейту қажет. Мал басын көбейту үшін де жақсы жем-азық керек. Бір сөзбен айтсақ тұқым қоры – елдің азық-түлік қауіпсіздігінің кепілі. Ғаламдық жылынуға байланысты құмай тұқымдас дақылдарды селекциялауға да ден қойылып отыр. Соңғы бес жылда селекциялық жетістіктердің тізіміне соргоның 10-нан астам түрі енген.
«Қазақстандық-20″ құмай жүгерісіне патент пен авторлық куәлік алдық. Бұл сұрып қуаңшылыққа төзімді, сортаң топырақта өсе береді. Ал шырынындағы қанттың мөлшері 20 проценттен асады. Сүрлем жасауға қолайлы. Суармалы жерге ексе үш, тіпті төрт рет шауып алуға болады. Бұл өсімдік мал шаруашылықтары үшін өте ыңғайлы. Жем-шөп құнарлы болса ірі қара да күйлі болады. Демек, малшы ағайынның табысы да арта түседі», — дейді ғалымдар.