«Келешек» жүйесі келесі жылы енгізілмек

51
фото Стан.кз

Премьер-министр Әлихан Смайылов балаға жоғары оқу орнында білім алуға қажетті ақшаны жинауға мүмкіндік беретін «Келешек» жүйесін келесі жылы енгізуді тапсырды. Президенттің сайлауалды бағдарламасы мен жолдауын іске асыру жөніндегі республикалық штаб отырысында «Келешек» бірыңғай ерікті жинақтау жүйесін енгізу жөніндегі шаралар қаралды.

Премьер-министр Әлихан Смайылов «Келешек» жүйесін келесі жылы енгізу қажет екенін атап өтті. Осыған байланысты ұсынылып отырған шараларды кеңінен талқылап, жүйенің әрекет ету тетігін жан-жақты пысықтау талап етіледі.
«Бұл тек министрлік үшін ғана емес, сондай-ақ халық пен барлық қатысушы үшін қарапайым әрі түсінікті болуы керек», — деді үкімет басшысы.

«Келешек» жүйе аясында балаға арнайы шот ашуға болады, оған мемлекет 60 АЕК мөлшерінде (5 жастағы балаларға) білім алуға бастапқы капитал салады. Бұдан әрі оған ата-аналардың ерікті жарналары, 5-7% жыл сайынғы мемлекеттік сыйақы және инвестициялық табыс есебінен қаражат жинақталады.

Осылайша айына 1 АЕК (3 450 теңге) мөлшеріндегі ең төменгі жарна салынып отырса, бала 18 жасқа толғанда шотында 3,3 млн теңгеден астам ақша жиналады. Тиісінше, ата-аналардың ерікті жарналары, мысалы айына 3 АЕК-ке дейін көбейсе, 7 млн теңгеден астам қаражат жинақтау мүмкіндігі болады, деп атап өтті үкіметтің баспасөз қызметі.
Сонымен қатар халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдаудың қосымша шаралары көзделеді, әсіресе өзгерістер жетім балалар мен ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға қатысты болады. Сондай-ақ ақшаның құнсыздануынан қорғау құралдары қарастырылған.
Оған қоса «Ұлттық қор – балаларға» бастамасы аясында да қаражат жинақталады. Бұл кейіннен қаражатты бір жерге шоғырландыруға, таңдаған ЖОО-ға оқу ақысын төлеуге мүмкіндік береді.