Келес ауданындағы «Нұржан» шаруа қожалығының төрағасы Нұржан Умаров өз қарамағындағы жылыжайда тропикалық жемістерді жерсіндіруді қолға алды. Ол шет мемлекеттерге жасаған сапары барысында сол аймақтағы өсімдіктердің тұқымын ала келіп, өз жылыжайында сынақтан өткеруді әдетке айналдырған.
— 2006 жылдан бері жылыжай шаруашылығымен айналысып келемін. Бүгінде 5,6 гектар аумақтағы жылыжай кешенінде 60-қа жуық азамат еңбектенеді. Жыл он екі ай елімізге көкөніс өнімдерін жеткізумен қатар планетамыздың жылы аймақтарында өсетін кокос, лимон, киви, маракуйя және папайя сынды өнімдерді өсіруді тәжірибеден өткізудеміз. Өткен жылы какос тұқымын қара құнарлы топыраққа отырғыздық. Биыл тұқым бүршік жарып, өсті. Сондай-ақ лимон ағаштары да жеміске кірді. Алдағы уақытта өнімімізді ашық алқапта сынауды жоспарлап отырмыз, — дейді шаруа Нұржан Умаров.
«Нұржан» шаруа қожалығы Келес өңірінде жылыжаймен айналысушы ірі кешеннің бірі болып табылады. Кешеннің ерекшелігі — озық технологияны қолдана отырып тұрғындарды көкөніс және түрлі көшеттермен қамтамасыз ету. Шаруа өткен жылы «Келес» атауымен жаңа көкөністі саудаға шығарды. Сонымен қатар, шаруа қожалықтың жылыжайға арналған пленка, қысқыш (зажим), прес жіп шығарумен айналысатын кәсіпорныда бүгінде өз жұмысын жүргізуде.