Мал азығы молынан жиналды

32
фото Абай.кз

Мал баққан шаруа ала жаздай кетпенін күнге сүйдіріп, қыстық жем шөп әзірлеудің әрекетінде жүреді. Биылғы көктем жаңбырлы болып егін бітік шықты. Әрі шаруақор жандардың еселі еңбегінің арқасында мал азығы молынан жиналды.

Жыл сайын Түркістан облысында малбасына қажетті 4 миллион тоннадан астам мал азығы 100 пайыз жиналады. Облыста жыл сайын мал басының ұлғаюына орай, жем-шөпке сұраныс артқан. Бүгінде егіс құрылымын қалыптастыруда мал азықтық дақылдарға басымдылық берілуде. Биылғы жылы мал азықтық дақылдар өткен жылмен салыстырғанда 2,1 мың гектарға артып, 223,7 мың гектарға  орналастырылды. Бұл жалпы егіс көлемінің 26 пайызын құрайды.
Агроқұрылымдарға мал азығы дақылдарын еккені үшін және мал шаруашылығын дамытуға мемлекеттік қолдаулар тұрақты көрсетілуде. Оның ішінде, жоңышқа, жүгеріге нақты сатып алған тұқымына, минералды тыңайтқыштарына және зиянды организмдерге қарсы қолданылатын пестицидтердің шығын көлемдерінің 50 пайыз субсидия қаржысы төленеді.
Ал, жеңілдетілген жанар-жағармай агроқұрылымдардың сұранысына сәйкес, 33,9 мың тоннаға қажеттілік анықталды. Соның ішінде, мал азығын жинауға 203 тауар өндірушіден 1,1 мың тонна өтінім қабылданды. Бүгінгі таңда ақпараттық жүйе арқылы 23,2 мың тонна дизель отыны қанағаттандырылып, жұмыстар жалғасып жатыр.
Түркістан облысы ауыл шаруашылығы басқармасы мамандарының мәліметінше, мемлекеттік қолдаудың нәтижесінде, өсімдік шаруашылығының даму қарқыны тұрақты сақталып отыр. Атап айтқанда, мал қыстату науқанына қажетті 4,3 млн. тонна ірі сояулы мал азығы дайындалды.
Бүгінде 273,4 мың гектарға егілген астықтың гектар түсімділігі 18,0 центнерді құрап, 492 мың тонна өнім жиналды. Егіс алқаптарынан мал қыстату науқанына қажетті 300,1 мың тонна сабан, бидай, арпа қалдықтарынан 89,4 мың тонна пішендеме дайындалған.
Биылғы жылы 1,5 жылдық мал азықтық қорды қамтамасыз ету мақсатында, 1,7 млн. тонна – жоңышқа, 1,9 млн. тонна – табиғи шөп, 22,4 мың тонна – сүрлем жиналды.
Сонымен қатар тауар өндірушілер арқылы өзге облыстардан 399,3 мың тонна мал азығы сатып алынды. Қазіргі таңда нарықта сабан бағасы 650-700 теңге, жоңышқа бағасы 1250-1300 теңге, пішен бағасы 900-950 теңгеден саудалануда.
Айта кетейік, ауыл шаруашылығы дақылдары 870,2 мың гектарға орналастырылып, өткен жылмен салыстырғанда 9,4 мың гектарға артты.
Аудандардың ішінде Сарыағаш ауданында 324,9 мың, Сайрам ауданында — 299,9 мың, Бәйдібек ауданында 290 мың және Қазығұрт ауданында 280 мың тонна шөп шабылған. Биылғы меже жоғары болып отыр. Аудандар межеленген межеден де асып түсіп жатыр. Қызылқия ауылдық округіндегі «Қараша-Агро» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жаңбырлатып суғару әдісін пайдаланады. Соның арқасында жоңышқа жыл сайын бітік шығады. Аудан аумағында құрама жем шығарумен айналысатын серіктестіктер де көп. Соның арқасында жем шөпке деген зәрулік жоқ. Мал да тоқ, малы семіз шаруаның да көңілі жайлы.