Мектепке жету үшін 5 000 теңгеге көлік жалдайды

46
фото ttransport.ru

Ақтас-2 елдімекенінде 15 жылдан бері мектеп жоқ. Ал ондағы оқушылар Шымкент қаласына немесе көрші елдімекенге қатынап оқуға мәжбүр. Тұрғындардың айтуынша осыдан 2 ай бұрын аймақта жаңа мектеп салынады деп нысан орны қоршалыпты. Алайда бүгін жауаптылар, білім ордасының басқа жерден бой көтеретінін айтып қоршауды бұза бастаған.

Ұлданай Байқожаева Ақтас-2 елдімекенінде 15 жылға жуық уақыттан бері тұрады. Көпбалалы ана балалары білім алуы үшін мектепке көрші жатқан Ақжар ауылына жібереді екен. Перзенттері білімнен қағылмас үшін, ай сайын жолға 20 мың теңге төлейді. Мектеп жасындағы 4 баласы бар ана елдімекенде әлі күнге дейін бірде бір мектеп салынбағанын айтып күйінеді. Сол себепті де әр баласына айына 5000 теңгеден төлеп, көлік жалдапты.

Ұлданай Байқожаева, Ақтас елдімекенінің тұрғыны: «Газельді жалдаймыз, өзіміз жалдап алғанбыз ата-аналар. Әр баланың басына 5 мың теңгеден береміз. 4 балама 20 мың беріп отырамын».

Осыдан екі айға жуық уақыт бұрын Ақтас-2 елдімекенінде мемлекеттік бағдарлама бойынша мектеп түседі деп нысан орны қоршауға алынған. Сол кезде, «балаларымыз алысқа сабылып жүрмейтін болды» деп төбесі көкке жеткен жергілікті тұрғындардың қуанышы, көп ұзамай-ақ су сепкендей басылған.

Айтуларынша, жауаптылар, «белгіленген орын нормаға сай емес» деген себеппен мектептің басқа жерден салынатынын хабарлапты. Бүгінде оқушылар Ақжар елдімекеніне немесе қалаға барып оқиды. Алайда бұл аумаққа тек бір ғана автобус жүретіндіктен, балалар қоғамдық көлікке сыймайды екен. Ал жаяу жүргендері жазда шаңға, қыста лайға бататын көрінеді.

Ұлданай Байқожаева, Ақтас елдімекенінің тұрғыны: «Мектеп түседі деп бәріміз қуандық, балдарымызға Газель жалдамайтын болдық деп. Қуанғанымызды су сепкендей етіп, енді мынаны бұзып жатыр».

Гүлшара Жақсыбаева, Ақтас елдімекенінің тұрғыны: «Қоршалды, салынатын болып халық қуанды. Осы жердің бала-шағасының бәр қалаға мектепке барады. Бірақ қуанышымыз ұзаққа созылмады».

Жауаптылар 600 орындық мектепті бұл орынға салу қосымша шығындарды талап етеді дейді. Оны толық зерделеуден кейін анықтапты.

Мерлан Керімжанов, «Samruk-Kazynа Construction» АҚ Шымкент қалалық филиалының басшысы: «Мердігер мекеме анықталғаннан кейін осы 3 гектар жерді қоршап, лабараторияның талдау жасадық. Жасағаннан кейін лабараторияның қорытындысымен «мектеп бұл жерге түсетін болса, ертеңгі күні басқа жерге ауыстыру және сырттан әкелетін топырақ керек» деген қорытынды берді. Яғни, ертеңгі күні бұл жерге мектеп түсетін болса, өзінің ақауымен түседі деген жорамалмен беріп отыр».

Ал тұрғындар мектепті алғашқы белгіленген орынға салуды талап етіп отыр. Егер жаңа білім ошағын басқа мекен-жайдан ашса, бәрібір балаларды онда жбермейміз дейді. Қалалық мәслихат депутаты тұрғындармен алдағы аптада кездесіп, барлығын түсіндіреміз деп отыр. Ал жұмысшылар бүгіннен бастап «халыққа үміт сыйлаған» қоршауды бұзып, жаңа орынға тасып жатыр.

Гүлдана Дәурен