Мүгедектігі бар азаматтар күніне арналған мерекелік іс-шара өтті

103

 

Қазан айының екінші жексенбісі елімізде мүгедектігі бар азаматтардың күні болып белгіленген. Ерекше жандардың құрметіне бүгін Шымкент қалалық «Опера және балет» театрында қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасына қарасты «Тең қоғам» әлеуметтік қолдау орталығының ұйымдастыруымен мерекелік шара өтті. Іс- шара алдымен мүгедектігі бар азаматтардың қол өнер бұйымдарының көрмесімен басталды.

Концерттік бағдарламада сахна төрінде «Шымкент шоу театры», «Опера және балет» театрының труппасы, әншілер мен Әлем кубогының күміс жүлдегері, ҚР чемпионы Айдана Мұқанова мен ҚР екі дүркін чемпионы Еңлік Әбдімүтәлі қоларба билерімен өнерлерін тамашалатты.

-Ерекше жандар тағдыр тәлкегіне ұшыраса да сағы сынбай, түрлі салаларда еңбек етіп, жетістіктерге қол жеткізуде. Қаламыздың қала берді, еліміздің дамуына үлес қосып жүргендерін атап өткім келеді.

Бүкіл әлеуметтік сала мамандарының атынан барша ерекше жандарға амандық тілеймін. Еңбектеріңіздің жемісін көріңіздер,- деді Шымкент қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы басшысының орынбасары Мақсат Жолдасбеков.

Бұл мереке бірінші кезекте мүгедектігі бар адамдардың түйткілді мәселелеріне қоғам назарын аударуға, олардың өмір сүру сапасын жақсартып, құқықтарын қорғауға бағытталған. Мерекелік шараға жалпы 300-ге жуық азамат шақырылып, барлығына арнайы әзірленген сыйлықтар тарту етілді.