Түркістан облысына қарасты Қазығұрт ауданында шағын және орта бизнес саласы қарқынды даму үстінде. Қазығұртта өндірілген өнімдер бүгінде қазақстандықтардың сүйіспеншілігіне бөленіп үлгерді. Әсіресе қазығұрттық сусындар, шұжықтардың тұрақты тұтынушылары басым. Дәл қазіргі уақытта ауданда шағын және орта кәсіпкерлік субъектілер саны 11 917-ні құрап отыр. Оның ішінде қарқынды жұмыс істеп тұрған нысандардың үлесі – 98,6 пайызды құрайды. Бұл өте жоғары көрсеткіш.
Кәсіпкерліктің дамуына индустриалдық аймақтардың қосар үлесі де қомақты. Аталған аймақтарда кәсіпкерлерге көптеген жеңілдіктер жасалуда. Ауданда 35 гектарға «Қазығұрт» индустриалды аймағы құрылған. Онда кәсіпкерлерге барынша жағдай жасалған. Бүгінгі күні 10,86 гектар жер телімінде 5 жоба орналастырылған. Олардың барлығы да ауыз толтырып айтарлықтай ауқымды жобалар.
Олардың ішінде «Асыл бастау.kz» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бүгінде қарқынды өнім өндіруде. «AQUA THE BEST» атауымен 0,5 — 1,0 — 5 және 19 литрлік ыдыспен ауыз су өндіріледі. Атаулы өнімге сұраныс мол. Еліміздің түкпір түкпірінен тапсырыстар түсуде. Әсіресе маусымдық кезеңдерде яғни, жаз айларында ауыз суға деген сұраныс артады. «CG Foods Central Asia» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өндірген өнімдеріне де сұраныс мол. Яғни, «Тез әзірленетін тағамдар» өндірісі бойынша кеспелер шығарылуда. «Көрік ШҚ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі табиғи сусындар шығарумен айналысады. Таза табиғи шырындарға деген сұраныс ешуақытта да төмендемейтіні белгілі. «Отырабат-Құрылыс» жауапкершілігі шектеулі серіктесігінің «Газобетон блогы» өндірісі және «ЮКГУ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің «Газобетон блогы» өндірісі де қарқынды жұмыс атқаруда.
Бүгінде құрылыс саласы қарыштап өркендеп тұрған кезде өндіріс орындарының өніміне деген сұраныс тоқтамайтыны белгілі. Аталған кәсіпорындар сұраныстың молдығынан алдағы уақытта өндіріс көлемін көбейтуді жоспарлап отыр. Яғни, жаңа жұмыс орындары ашылып, кәсіпкерлер әлеуметтік мәселелердің шешімін табуына септігін тигізеді. Одан бөлек, бүгінде кәсібін жаңадан бастағысы келетіндерге де барынша қолдау көрсетілуде. Мемлекеттік бағдарламалардың арқасында көптеген кәсіпкерлер қолдау көріп отыр.
Осы бағдарламалардың арқасында көптеген кәсіпкерлер ісін ілгерілетіп, тасын өрге домалатып отыр. Грант ұтып алғандардың да қарасы қалың. Кәсіп бастауға ниет еткенмен қандай қолдау шаралары бар екенінен бейхабар тұрғындарға ауыл ауылдардың аралап ақпараттық түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Соның арқасында кәсіпкерлердің қатары толығуда.