Қауіпті инфекциялардан қалай қорғануға болады?

43

Үшінші мегаполистің санэпидемиологтары тұмау, гепатит және сібір жарасынан қорғаудың жолдарын түсіндірді. Жауаптылардың айтуынша, бүгінде қаладағы эпидемологиялық жағдай тұрақты. Дегенмен аталған аурудың алдын алу мақсатында жергілікті емханаларда екпе егу науқаны басталып кетті.

Қалалық емханалар мен жедел жәрдем қызметі станциясы тұмау белең алатын кезеңге дайындалуда. Көпшіліктің көкейінде тұмауға қарсы екпе егу дұрыс әлде бұрыс деген ой туындайтыны рас. Ақ халаттылардың айтуынша, бұл мәселе бойынша әрбір азаматтың таңдау құқығы өз еркінде. Десек те, мамандар екпені ертерек салдыруға кеңес береді. Себебі екпе — аурудың асқынуына тосқауыл болатын жалғыз жол. Қазір Шымкентте екпе егу науқаны басталды. Осыған орай қалалық денсаулық сақтау басқармасы халықтың 12,6% жететін ресейлік «Гриппол+» вакцинасын алды.

Жанайым Полат, инфекционист:«Біз тұмаудан не үшін қорқамыз? Тұмау вирусы өте ауыр асқынуларға әкеледі. Пневмония, минингит, бас миының ісінуі және т.б жалпы организмнің басқа ағзаларына жетіспеушілігін алып келеді. Тұмаумен ауырған адамдар егерде иммуниеті төмен болса, ауыр өлім жағдайына дейін әкелуі мүмкін. Енді оның алдын алудың бірден бір жолы екпе егу. Тұмауға қарсы 1 қазаннан бастап екпе егуді бастап жатырмыз».

Мамандардың айтуынша, тұмауға қарсы екпені 6 айдан жоғары балалар, 2-3 триместрдегі жүкті әйелдер, медициналық қызметкерлер, жасөспірімдер мен студенттер, мұғалімдер, әскери қызметерлер, сонымен қатар диспансерлік есепте тұратын барлық созылмалы аурумен ауыратындар салдыра алады.

Шымкент қаласы бойынша көп жылдық талдау жасау барысында А вирусты гепатиттің аурушаңдығының жоғарылауы байқалған. 2023 жылдың 8 айында 79 жағдай «А» вирусты гепатиті тіркелген. 2022 жылдың салыстырмалы кезеңінде 3 жағдай тіркелген. Ауырғандардың ішінде 14 жасқа дейінгі балалар арасында 44 жағдай тіркеліп, олар 55,6% құрады.

Балкүміс Мұсаева, Шымкент қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің аса қауіпті инфекцияларды және туберкулезді эпидемиологиялық қадағалау бөлімінің басшысы: «2022 жылы мен 2023 жылдың 8 айында аурушаңдық тіркелмеді. Сібір жарасы – антропозоонозды жұқпалы ауру. Аурудың қоздырғышы – бактериялары. Сібір жарасының қоздырғыштары адам мен жануарлардың ағзасынан тыс жерлерде споралар түзуге қабілетті және олар сыртқы ортаның физикалық-химиялық әсерлеріне өте төзімді, қоршаған ортада жүз жылдап сақталады.Сібір жарасының адамдарға жұқтырушы көзі – үй жануарлары (ірі қара мал, қой, ешкі, түйе, шошқа, жылқы, бұғы) болып табылады. Адамға аурудың жұғу жолы көбіне жанасу арқылы (малды сою мен өңдеу кезінде немесе мал терісін өңдеуде) және бактерияның спораларымен ластанған тағамдар мен ауыз суын ішкенде жұғады».

Сала мамандары күз айында жіліктеп соғым алар алдын ет пен ет өнімдеріне тек ветеринар дәрігердің берген анықтамасы болғанда ғана алуға болатынын айтады. Ал аурудың бастапқы кезеңіндегі айтылған белгілер байқалған жағдайда науқас міндетті түрде медициналық көмекке жүгінуі қажеттігін ескертеді.