«Қазығұрт тұғыры» мерекелік шарасы өтті

38

Түркістан облысы Қазығұрт аудандық Көкпар федерациясының ұйымдастыруымен аудандық орталық Мәдениет үйінде «Қазығұрт тұғыры» мерекелік іс-шарасы болып өтті. Айтулы шараға аудан әкімі Азизхан Исмаилов арнайы қатысып, түркі халықтарының дәстүрі мен өнерін, ептілігі мен тектілігін, бірлігі мен ерлігін паш ететін көкпар ұлттық спортын дәріптеп жүрген ел ағалары мен шабандоздарды мерекелерімен құттықтады.

Арнайы Алғыс хаттар табыстап, әлі талай дүбірлі додаларда ауданымыздың білекті де жүректі жігіттерінің мерейі үстем боларына сенетінін айтты.
Атаулы іс-шараның басты мақсаты атадан қалған дәстүрді жалғап, ат баптау, көкпар тарту секілді ұлттық спорт ойындарын кеңінен дәріптеп, көкпар ұлттық ойынында көптеген жетістікке жеткен аға буын өкілдерін бүгінгі ұрпаққа үлгі етіп, сый-құрмет көрсету болды. Сондай-ақ, игі шара барысында 2022 жыл қорытындысы бойынша халықаралық дәрежеде, республикалық деңгейлерде, қала берді облыс және аудандық додаларда көкпар тартып, ел мерейін асырып жүрген шабандоздарды, үздік атбегілер мен төрешілерді марапаттап, ынталандыру сыйлықтарын табыстады. Аталған шараға қазығұрттық кәсіпкерлер ұдайы демеушілік жасап келеді. Ұлттық дәстүрді жаңғыртушыларға кәсіпкерлер өз тараптарынан әрдайым қамқорлық жасауды ұмытқан емес.
Бұған дейін Астана қаласында өткен «Алтын тұғыр» және Түркістан облысында болған «Тұран тұғыры» іс-шарасының жалғасы ретінде ұйымдастырылған «Қазығұрт тұғыры» шарасы өңіріміздегі аудан-қалалар арасында алғаш рет Киелі Қазығұрт ауданында тойланып отыр. Осындай ізгі шара алдағы жылдары да жалғасын табатын болады.