Қытаймен визасыз режим қашан жұмыс істей бастайды?

31
фото Егемен.кз

 Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха Қытаймен визасыз режим неге әлі күшіне енбегенін түсіндірді. Айтуынша, көрші ел алдымен Қазақстан мен Қытай арасында азаматтар туралы ақпарат алмасу туралы келісімнің ратификацияланғанын қалайды.

«Егер қазір визасыз режим күшіне енсе, екі жақтан да азаматтар ағыны ұлғаяды. Сол себепті заңсыз көші-қонды бақылау үшін Қытай осы келісімге (азаматтар туралы ақпарат алмасу) қол қою туралы шарт қойып отыр. Біз қазір келісімді ратификациялаймыз, содан кейін ол заңнама (визасыз режим) жұмыс істей бастайды», — деп түсіндірді Лепеха сенат кулуарында.
Қытаймен визалық талаптардан өзара босату туралы келісімге сәйкес, екі елдің азаматтары мемлекеттік шекарадан өткен сәттен бастап күнтізбелік 30 күннен аспайтын кезеңге визасыз сапарлай алады. Жалпы, оларға алты ай ішінде 90 күнтізбелік күн визасыз болуға рұқсат етіледі. Демек, 30 күннен жарты жылда үш рет кіруге болады. Бүгін парламент сенаты «Қазақстан үкіметі мен Қытай үкіметі арасындағы тараптар мемлекеттерінің азаматтарына қатысты ақпарат алмасу туралы келісімді ратификациялау туралы» заңды мақұлдады.