Сайрам тұрғыны үйіне келген полицейді шәйнекпен ұрып жіберген

1436

Түркістан облысы Сайрам ауданында отбасылық жанжал бойынша шақыртуға барған полицей таяқ жеп қайтты.

Полиция басқармасына Жетісай ауданының тұрғыны хабарласқан. Айтуынша, Сайрам ауданында тұратын әпкесін күйеуі қорлап, ұруға тырысқан.
Оқиға орнына тәртіп сақшылары жедел жетіп, жанжалқор ер адамға ескерту жасапты. Алайда жергілікті тұрғын полицейлердің заңды талаптарына бағынбай, балағат сөздерді жаудырған. Мұнымен қоймай ол полицейге қарсылық көрсетіп, басын шәйнекпен ұрған.

«Бұл факт Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексі 380-бабының 3-бөлігі бойынша тіркелді. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде және барлық мән-жай анықталады» деп жазды Polisia.kz.

Айта кетейік, соққы алған тәртіп сақшысы медициналық тексеруден кейін өзінің қызметтік міндетін орындауға қайта кіріскен.