Шымкенттегі көпқабатты үйлердің 40 пайызға жуығы жөндеуді қажет етеді. Сондықтан «Тұрғын үйді жаңғырту» бағдарламасы аясында коммуникацияларды, кіреберістер мен ғимараттардың жағдайын жақсарту жұмыстары жүзеге асырылмақ.
Аталған бағдарламаға қатысқысы келетіндер көп. Бірақ биыл ғимараттардың барлығына екінші өмір сыйлау қиынға соқпақ. Себебі қазір үшінші мегаполистегі 84 көпқабатты үй жөндеуге кезекте тұр.
Бұл Ғани Ильяев көшесі бойында 2016 жылы бой көтерген 5 қабатты тұрғын үй. Осыдан бірнеше жыл бұрын жаңа үйге көшкен тұрғындардың қуанышы көпке созылмаған екен. Себебі үйге қоныс аударғалы қабырғадан су кетіп, лифт істен шыға бастаған.
Сәуле Досалиева, Шымкент қаласының тұрғыны: «Адамдар үйді сатып алып, мұнда ақша құйды. Күз-қыс мезгіліндегі ауа-райына байланысты қабырғадан су кете бастады. Су пәтерлердің өзіне де жете бастады».
Тұрғындар аталған проблеманы өздігінен шешуден әбден шаршаған. Сондықтан “Тұрғын үйді жаңғырту” бағдарламасына қатысуға бел буыпты. 1 жылдай кезегін күткен жұмыс басталып, бүгінде үйдің қасбеті ауыстырылып жатыр. Жөндеу жұмыстары 108 млн. теңге деп бағаланған. Қаржы мемлекеттен беріледі, ал тұрғындар мұны 15 жыл ішінде өтейтін болады.
Нұрлан Әли, мердігер ұйым өкілі: «Қазір ғимараттың қасбетін орнатып жатырмыз. Жұмыс бағдарлама аясында жүруде. Жергілікті бұқараның пікірін тыңдадық. Құрылыс материалдарына қатысты өзгерістер енгіздік».
Аталған бағдарлама елімізде 10 жылдан бері жүзеге асып келеді. Бүгінде қала тұрғындары тарапынан бағдарламаға сұраныс көбейген. Мұның барлығы қаладағы тұрғын үйлер ескіргендіктен, ал кейбірінің жартығасырлық тарихы бар екенін ескергендіктен жасалып отыр.
Қанат Серікбаев, «Тұрғын үй Шымкент» ЖШС бөлім жетекшісі: «Шымкент көне қала. Мұнда 2500 жуық үй бар. Олардың қатарында жөндеуді қажет ететіндері де бар. Ең өзектісі тозығы жеткен шатырлардың мәселесі”.
Биыл қаладағы тұрғын үйлерді реттеуге 1 млрд-қа жуық қаржы бөлінген, ол 15 үйдің жөндеуіне ғана жетеді. Келер жылы жергілікті бюджеттен бөлек, республикалық бюджеттен қаржы тарту көзделуде. Себебі қазір жұмыс ауқымы жоғары.
Кезекте 84 үй тұр. Мамандардың сөзінше , Шымкенттегі 40 пайыз тұрғын үй техникалық және эстетикалық жағдайы бойынша тозығы жеткен. Ал оларды қайта қалпына келтіруге тұрғындардың 70 пайызының келісімі қажет. Бүгінде осы мәселе де біршама үйлердің жөндеусіз қалуына әкеліп отыр.