Шымкенттік оқушылар зағип жандардың еркін жүріп-тұруына мүмкіндік беретін құрылғы жасап шықты. Электронды білезік ерекше күтімді қажет ететін жанның аяғына тағылады. Сол арқылы ол, айналасындағы артық заттарды діріл арқылы сезіне алады екен.
Қала тұрғыны Ақжүніс Тайтериеваның оң жақ көзінде ісік пайда болған. Оның екінші жанарын сақтап қалу үшін 5 жасында ота жасап, көз алмасын алып тастапты. Ал 9 сынып оқып жүргенде сол көзіне ауырлық түсіп, көру қабілетінен айырылған. Қазір ол Шымкенттік оқушылар жасап шыққан, көмекші құралды сынақтан өткізіп жүр. Айтуынша құрылғы әр түзетуден өткен сайын ыңғайлылығы артып келеді екен.
Ақжүніс Тайтериева, Шымкент қаласының тұрғыны: «Алдыңғы көрген аппарат салмағы ауыр еді және көлемі де үлкендеу болды. Таққан кезде тобыққа қарай сырғып кете беретін. Ал, қазіргі таққаным өзіме ұнап жатыр. Салмағы жеңіл әрі ыңғайлы. Таяқпен жүрген ыңғайсыз, сондықтан бұл аппарат керек деп ойлаймын»
Теңдесі жоқ жоба Vision Assistant көру қабілеті нашар жандарға арналған құрал. Оны аяққа тағу арқылы зағип жанның жүріп-тұруын жеңілдетуге болады. Атап айтқанда, электронды білезік 1 метр арақашықтықтағы нысанды сезіп, иесіне діріл арқылы белгі береді. Нәтижесінде құрылғыны таққан адам құлап қалудан сақтанады.
Рахат Өмірбек, 11 сынып оқушысы: «Бұл құрылғы зағип жандарға арналған құрылғы. Бұл аппараттың сезу құралы бар. Алдынғы екеуі 1 метрге дейінгі жерде тұрған затты сездіреді. Ал астындағы екеуі баспалдақтан түсуге арналған. Аппаратты аяққа таққан соң, кедергі кездессе бірден иесіне діріл береді».
Жоба авторлары бұл білезікті жасауға әлеуметтік желідегі блогер ыпал еткенін айтады. Ардан есімді ерекше күтімді қажет ететін жанның үндеуі негізінде алғашқы прототипі жасалған. Алайда оның ыңғайсыз болуына байланысты, бірнеше рет түзетуден өткізіпті.
Шұғыла Қарсақбаева, 11 сынып оқушысы: «Тиктокта бір блогер бар. Көзі көрмейді алайда, өзінің өмірі жайында жазба салады. Бір видеосын көрген болатынбыз. Сол жерде өзінің мәселелерін айтты. Соны көріп сондай зағип жандарға қалай көмектесе аламыз деген ой келді. Сөйтіп оларға кішкене де болса көмектесу үшін осы құралды жасап шықтық»
Ерекше жоба республикалық байқауда 1600 қатысушының ішінде үздік тоғыздыққа енген. Сонымен қатар әлеуметтік салаға негізделген құрылғы 300 мың теңге қаржылай қаражатты жеңіп алды.