Шымкенттің үздік әуесқой шахматшылары анықталды

28

Елімізде алғаш рет өтіп жатқан «Шахмат керуені» Шымкентке табан тіреді. Жаңа жоба еліміздің 18 аймағын аралап үздіктерді іріктейді. Ондағы мақсат – жастарды интелектуалды ойынға баулып, оның пайдасын насихаттау.

Елімізде алғаш ұйымдастырылған «Шахмат керуеніне» қала тұрғыны, қаржыгер Асылбек Түйетаев та қатысқан. Ол 6 жасынан бері интеллектуалды ойынды меңгерген екен. Сөзінше Асылбек үй-ішімен шахмат ойнайды. Әуесқой ойыншы бір ай бұрын 60 адамның ішінен іріктеуден өткен.

Асылбек Түйетаев, қатысушы: «Осыдан 1 ай бұрын 60 шақты адам ойнады. 11 турдан тұрды. Уақыт 5+3. Содан өткен 20 қатысушы финалда кездесіп жатырмыз. 11 қарсыласпен ойнадым. 7 жарым ұпай жинап, он бірінші болып өттім. Бала кезден шахмат ойнаймын. Өзі отбасымызбен шахмат ойнаймыз».

Шарт бойынша керуенге тек әуесқой ойыншылар ғана қатыса алады. Еске салсақ, көшпелі тур бұған дейін 10 аймақты аралап келген. Ал қорытынды ойын Түркістан қаласында өтеді.

Олег Кравченко, Қазақстан шахмат федерациясы президентінің кеңесшісі: «Біздің керуен Шымкентке он бірінші болып келді. Бұған дейін Солтүстік, Орталық, Батыс Қазақстанды аралап шықтық. Енді қазір Оңтүстік өңірге ойыстық. Біздің жобамыз шахматты танымал етіп, жастарға насихаттау. Сондықтан аудандарды аралауды жөн көрдік. Себебі аудандар шахматты дамытушы драйвер болып саналады. Білімді, білікті жастар көп. Біз жарыстарды өткізіп қана қоймай, әр аудан, облыстан шахмат федерациясының филиалын ашып жатырмыз»

Шымкентте өткен жарыста экономист Әбдіқадыр Яхиев жеңімпаз болды. Ол 11 ұпайдың 9-ын жинап, 100 мың теңге сыйлық алды.

Әбдіқадыр Яхиев, жарыс жеңімпазы: «Бірінші кезекте Аллаға сансыз шүкір айтамын, маған күш қуат бергеніне, жеңіске жеткеніме. Содан кейін достарым маған көмек берді. Алдын ала дайындалдық. Теориялық түрде дайындықтар жасадық».

Бұл сайыста жас шектеуі жоқ. Қатысушылар арасында мектеп оқушылары да, қарттар да бар. Ал жүзден жүйрік шыққан Әбдіқадыр Яхиев, Абзал Оңғаров, Нұрасыл Жұмабек сынды 3 қатысушы Гранд финалға жолдама алды. Олар ары қарай Шымкенттің намысын қорғамақ.