(Видеодан скрин)
Түркістан облысы Арыс қаласында жаңа саябақ пайдалануға берілді. Көпшілік серуендеуге арналған демалыс аймағына облыстық мәслихат депутаты Ержан Қосмамбетовтің марқұм болған екі бауыры Мейіржан мен Нұржанның есімі берілген.
Саябақ халық қалаулысы Ержан Қосмамбетовтің демеушілігімен салынған. Оның жалпы аумағы — 1 гектар. 450 түп тал егіліп, айналасы абаттандырылған. Заман талабына сай 1 баскетбол, 1 футбол алаңшасы қойылған. Бұдан бөлек сабақта жаттығу құрылғылары орнатылған спорт пен балаларға арналған ойын алаңдары бар.
Әлеуметтік желіде демалыс аймағының ашылу салтанатының видеосы жарияланды. Оған облыс әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев пен облыстық мәслихат депутаттары және қала әкімі қатысқанын байқауға болады.
(Фото: Арыс қаласы әкімдігі)
Желіде тараған видеоны көрген қолданушылары Мейіржан мен Нұржан Қосмамбетовтер «Халыққа нендей жақсылық жасады?» деп сынның астына алса, енді бірі бұл әулеттің әкесі елге еңбегі сіңген адам екенін атап өткен.
«Бұлар кімдер? Арыс халқы үшін не істеді? Мейіржанды «рэкет» деп еститінбіз…», «Не айтып мақтап жатыр екен? Жақсы төбелесетін еді деп пе?», «Мықты жігіттер еді», «Халыққа не жақсылық жасаған? Бандит болғаны үшін бе?», «Не деген көре алмаушылық сендерде? Не өліге, не тіріге тыныштық жоқ… Кімнің атын берсе де өзі біледі», «Саябаққа қазақ үшін жанын қиған Кенесары ханның атын бермедіңдер ме?», «Ол кімдер тағы?», «Халық үшін салынған дүние ғой. Мен қуаныштымын» деп жазды желі қолданушылары.
(Фото: Арыс қаласы әкімдігі)
Қалалық әкімдіктің баспасөз қызметіндегілер саябаққа Мейіржан мен Нұржан есімін беру депутат тарапынан түскен ұсыныс болғанын және демалыс аумағы халық қалаулысыың өзінің иелігіндегі жекеменшік жерге салынғанын атап өтті. Оның құрылысына мемлекет есебінен қаржы жұмсалмаған. Саябақ әзірге әкімдік балансына өтпепті. Мемлекет меншігіне берілген күннің өзінде демалыс аумағының атауы өзгертілмейді екен.
«Мейіржан Қосмамбетов Кеңес Одағы тарап, әр мемлекет өз Тәуелсіздігін алған жылдары халықтың қроғаушысы, әлсіздің жанашыры бола білді. Мейіржан бауырымыздың досқа адалдығын, жақсылықты ұмытпайтындығын, тура сөзділігін көз көргендер әлі де сағынышпен еске алады. Ал Нұржан Қосмамбетов жастайынан спортқа бейім болып, білікті бапкер Марат Жақсыбаевтың қолында шеберлігін шыңдады. Құрылыс саласында көптеген игі жұмыстар атқарды. Өзі салған көпқабатты үйден 12 мұқтаж отбасыға тегін пәтер үлестірді» деп мәлімдеді әкімдіктің баспасөз қызметіндегілер.
Айта кетейік, Ержан Қосмамбетов ұзақ жылдар бойы Парламент Мәжілісінің депутаты болған Төлебек Қосмамбетовтің ұлы.