Түркістан облысының білім ұялары қысқы маусымға дайын ба?

49

Түркістан облысындағы білім нысандарының жылыту маусымына дайындығы пысықталды. Бүгінде өңірдегі оқу орындарының 95 пайызы қыс ауасына дайын. Сонымен қатар, биыл бірқатар білім мекемелеріндегі қазандықтар жаңартылды.

Сала мамандары қыстан қысылмай шығу үшін жыл сайын жылу қазандықтарын жаңарту, жылыту құбырларын жөндеу, қалпына келтіру жұмыстарын атқаруда. Сондай-ақ облыстағы 1 275 білім беру мекемесінің ішінде 1274 білім беру ұйымының жылыту жүйелері гидравликалық сығымдаудан өткізілді. Білім беру ұйымдарын қатты отынмен жылыту пештерін табиғи газға ауыстыру жоспарлануда.

Дархан Сатыбалды, Түркістан облысының әкімі: «Түркістан облысы пилоттық аймаққа кірген соң, сол аумақтардағы мектеп, қазандықтар сіздердің баланста. Қазір мынау штаты қалай болатыны қаралуда. Әрмен қарай жалғастырып алып кету керек боласыз. Сосын қазірден сіздер есептеп қарап алыңыздар».

Облыс әкімінің төрағалығымен өткен жиында кей мекемелердің қысқа дайындығы мардымсыз екені айтылды. Сондықтан аймақ басшысы жауапты басшыларға әлеуметтік нысандардың әзірлігін қатаң бақылап, қажетті отын қорын уақтылы жеткізуді тапсырды.

Дархан Сатыбалды,  Түркістан облысының әкімі: «Бүгінгі кездесудегі басты мақсат — барлық мектептер санын түгелдеу. Олардың қыс ауасына дайындығын бақылау. Кезең кезеңімен жұмысты бастау. Бірінші кезде қаңтардан бастап беретін болсақ, қазандық отынды тексеру қажет».

Кездесуде облыс әкімі білім нысандарының жылыту маусымына толық әзірленуіне нысан басшылары жауапты екенін жеткізді. Сол себептен кестеден қалып қою, отын тапшлығы мәселесіне жол беруге болмайтынын ескертті.

Сонымен қатар, мектептердегі тазалық жұмыстарына мән беруге шақырды. Айта кетейік, аймақтағы барлық білім беру мекемелерімен қатты және сұйық отынды жеткізу бойынша келісімшарттар жасалған. Қатты отын бекітілген кесте бойынша жеткізілуде.