Түркістан облысы әкімінің бастамасымен аудан-басқарма басшылары және өңірдегі кәсіпкерлер Қытай Халық Республикасына іс-сапармен барған болатын. Сапар аясында екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамыту және инвесторларды облысқа тарту мақсатында 2 триллион 648 млрд. теңгені құрайтын 10 компаниямен меморандумға қол қойылды.
Сапар нәтижесінде «ТҰРАН-МЕБЕЛЬ» ЖШС жиһаз шығару зауыты 2,3 млрд. теңгеге қажетті құрал-жабдықтарды сатып алды. Қазіргі таңда кәсіпкер келген құрал-жабдықтарды қосу-монтаждау жұмыстарын жүргізуде. Сондай-ақ, «Қазақстан 2023 — Қытай» компаниясы 1 млрд. теңгеге шұлық өнімдерін шығару үшін қажетті құрал-жабдықтарды сатып алды. Қос жобаны іске қосу қазан айының ішінде жоспарланған.
Сонымен қатар, «Пэн Шэн Групп» («PengSheng Group») компаниясы облыста мақта шитін өңдеу және сұрыптау, полиэтилен пленкалары мен тамшылатып суару жабдықтарын өндірмек. Бұдан өзге, ауыл шаруашылығы техникаларын шығару, тері өңдеу және желатин зауыттарын іспек қоспақ. Ал «Mega-Agat» ЖШС жалпы құны 4,7 млрд. теңгені құрайтын алюминий радиаторларын шығару зауытын жүзеге асыруды жоспарлауда. Қазіргі уақытта инвестор жобаны жүзеге асыру үшін «Жейанг Навас Индастри» компаниясымен келіссөздер жүргізуде. Сондай-ақ, «Сэтрон Силк Роуд Глобл Индаcтри» («CETRON Silk Road Global Industry Co., Ltd») ЖШС жалпы құны 2,6 трлн. теңгеге облыста күн батареялары мен электромобильдер шығару, тоқыма өнімдерін өндіру зауыттарын іске қосуды жоспарлауда. Аталған зауыттарды жүзеге асыруды бастау үшін инвестор мен облыс әкімдігі арасында меморандумға қол қойылды.
Мақтаарал ауданындағы «Cotton-мақта» ЖШС компаниясы «Сван Мэшинери» («Swan Machinery Co. Ltd») зауытынан жалпы құны 1,2 млрд. теңгеге қуаттылығы тәулігіне 600 тонна мақта өңдейтін жабдықтарды сатып алды. Зауыт қазан айында толық іске қосылатын болады. Сонымен қатар, «Akniet Holding» ЖШС жиһаз шығару үшін «Генан Кигонг Робат» («Henan Qigong Robot Co., Ltd») компаниясынан лазерлік станоктарды алдыртты. Түркістан қаласында индустриялық парк құрылысы аяқталғаннан кейін, жұмыстарды бастайтын болады.