Тұтынушылар өз құқығын қорғау үшін тікелей сотқа жүгіне алады

37
Шілде айында Шымкенттік базарлардың бірінен көрініс

Қазақстандықтар тұтынушының құқықтары бұзылғаны туралы арыз-шағыммен тікелей сотқа жүгіне алады. Мәжілісте таныстырылған «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» заң жобасына осындай өзгерістер енгізілген.

Сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Балықбаевтың айтуынша, заң жобасына сәйкес тұтынушылардың арыз-шағымын қараудың қолданыстағы төрт сатылы алгоритмін өзгерту қажет.
«Бірінші кезеңде тұтынушы құқығының бұзылғаны туралы тікелей кәсіпкерге шағымдануға тиіс. Егер келіссөз сәтсіз болса және кәсіпкер шағыммен келіспесе, тұтынушы екінші кезеңге өтіп, міндетті түрде медиатрдың көмегіне жүгінуі қажет. Үшінші кезең – мемлекеттік органға шағымдану. Әкімшілік мемлекеттік органның жеке тұлғалардың арасында туындаған дауды шешуге өкілеттігі жоқ, себебі ол сот құзыретіне жатады. Бұл жағдай қарапайым азаматтар үшін қиындық туғызып отыр», – деді Балықбаев.
Осыған байланысты заң жобасында Конституцияның ережесіне және логикаға сәйкес келмейтін бұл жүйені алып тастау ұсынылып отыр.

«Осы түзетулерді қабылдаған кезде тұтынушы өз құқығын қорғау тәсілдерін еркін таңдайды. Тікелей сотқа немесе әкімшілік құқықбұзушылық болған жағдайда заң аясында жауапқа тарту үшін мемлекеттік органға шағым беру мүмкіндігіне ие болады», — деп хабарлайды сауда және интеграция министрлігі.

Бұдан бөлек тұтынушылардың құқықтарын қорғау ережелері тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласы, байланыс, туризм, мәдениет, сауда және көлік салаларына да енгізілмек.
Заң жобасы кәсіпкердің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін енгізуді көздейді. Яғни тұтынушының құқықтары бұзылған және сотқа дейінгі кезеңде шешілмеген жағдайда кәсіпкерге сот арқылы тұтынушының пайдасына айыппұл салынады. Айыппұл мөлшері тұтынушының талап қою сомасының 10 пайызынан 50 пайызына дейін құрайды. Шағым сомасы неғұрлым аз болса, айыппұл мөлшері соғұрлым көп болады.