Үйдегі зорлық-зомбылықтан 869 адам көз жұмған

19
фото Егемен.кз

Соңғы төрт жарым жылда үйдегі зорлық-зомбылықтан 869 адам көз жұмды. ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева үкімет отырысында  президент отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың кез келген түрі, оның ішінде кәмелетке толмаған балаларға жасалған қастандық үшін жазаны күшейту мәселесін үнемі көтеріп келе жатқанын атап өтті.

«Бүгінгі статистика көңіл көншітпейді. Соңғы төрт жарым жылда үйдегі зорлық-зомбылықтан 869 адам көз жұмды. Денсаулыққа ауыр зиян келтірудің 2086 фактісі тіркелген. Сондықтан алдын алу шараларын кешенді түрде жүргізу біздің жіті назарымызда», – деді Балаева.
Айтуынша, отбасыларға жан-жақты көмек көрсету үшін өңірлерде 68 отбасын қолдау орталығы жұмыс істейді, оның 19-ы уақытша баспанамен қамтамасыз етеді.
«Бұл тәжірибе 2019 жылдан бері бар. Жәрдемге мұқтаж азаматтарға «бір терезе» қағидаты бойынша көмек көрсетілуде. Орталықтар психологиялық, әлеуметтік және құқықтық көмек көрсетумен қатар отбасы институтын нығайтуға жан-жақты қолдау жасайды», – деді министр.
Тек осы жылдың басынан бері 100 мыңнан астам кеңес берілген.
«Дегенмен қазіргі уақытта орталықтар қызметі біркелкі емес екенін мойындаймыз. Осыған байланысты министрлік бірыңғай тұжырымдаманың жобасын әзірлеп жатыр. Жобаның мақсаты – орталықтардың қызметін стандарттау. Тағы бір маңызды бағыты – ведомствоаралық байланыс арқылы әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың жағдайына ықпал ету», – деп толықтырды Балаева.
Министр келесі жылдан бастап Отбасын қолдау орталықтарында бірыңғай жұмыс тәсілі енгізілетінін айтты.