Қазақстанда 9,1 мыңға жуық адам жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін гранттар алды. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметі бойынша биыл жыл басынан бері 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін 9 093 грант берілді. Жалпы 2023 жылы барлығы 9 мың грант беру жоспарланған болатын.
«Биылғы 11 қыркүйектен бастап 22 қыркүйекке дейін гранттардың үшінші легі бойынша өтінімдер қабылданды. Бүгінгі таңда үміткерлердің өтініштерін қарау жөніндегі комиссия өз жұмысын аяқтады, келісімшарттарға қол қою және грант алушыларға қаражат аудару процесі жалғасып жатыр», — дейді министрлік.
Гранттардың үшінші легінде барлығы 15,5 мың адам өтініш берген.
«Оның 9 мыңы көпбалалы оттбасылар, 3 мыңы мүгедектігі бар адам. Ал атаулы әлеуметтік көмек алушылардан 771 өтініш қабылданды. Сондай-ақ асыраушысынан айырылған 586 адам, 57 қандас және 196 қоныс аударушы өтініш берді», — дейді ведомство.
Бизнес идея үшін ең көп өтінім берген Түркістан облысы, Жамбыл, Қызылорда (1,8 мың) облыстарының және Шымкент қаласының тұрғындары. Ал ең азы Ұлытау және Қостанай облыстары.
Бизнес-идеяларды іске асыру үшін грантқа өтінім беру тәртібі
Гранттарды еңбек мобильділігі орталықтары грант алуға үміткерлердің өтініштерін қарау жөніндегі аудандық/қалалық комиссияның шешімі негізінде береді.
Үміткерлер өздерінің бизнес-жобаларын комиссия отырыстарында таныстырады. Комиссия отырысының өткізілетін орны, күні мен уақыты туралы хабарлама Business.enbek.kz порталында грант алуға өтініш берушінің жеке кабинетінде көрсетіледі.
«Комиссияның шешімі үміткердің Business.enbek.kz порталындағы жеке кабинетіне жіберіледі. Комиссия оң шешім қабылдаған жағдайда үміткер салық органдарында өз қызметін тіркейді, банктік деректемелерді ұсынады, шартқа қол қояды және одан әрі тоқсан сайын бөлінген қаражаттың пайдаланылуы туралы есептерді ұсынады. Мұның бәрі еңбек мобильділігі орталықтарына бармай-ақ, электрондық форматта жасалады», — дейді еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.