Сайрам тұрғын алабында Шымкент қаласы мен Түркістан облысының экономикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қаржылық пирамидалардың алдын алу, қарапайым халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру бағытында арнайы жиын өтті. Қоғам дертіне айналған өзекті мәселені бірлесе шешуге жол көрсететін шараға жергілікті студенттер мен басқарма басшылары қатысты. Ұйымдастырушылардың айтуынша, осы лектегі басқосулар жасөспірімдер арасында туындайтын қаржылық мәселелерді азайтуға үлес қосуда.
Шымкент қалалық және Түркістан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті мен қалалық Прокуратураның ұйымдастырумен үшінші мегаполис жастарының қаржылық сауаттылығын арттыру бойынша арнайы акция өткізді. Мамандардың сөзінше, осындай профилактикалық кездесулер есейіп келе жатқан жас ұрпақтың қаржылық сауатын ашып, қазіргі уақытта кеңінен етек жайған қаржы пирамидаларының құрбаны болуынан сақтайды.
Ерболат Балғабаев, Түркістан облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басшысы: «Бұл акция Президенттің қыркүйек айындағы жолдауы және қауіпсіздік кеңесінде берілген тапсырма аясында жүріп жатыр. Мақсаты экономикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, қаржылық пирамидаларына қарсы күрес, қарапайым халықтың қаржылық сауатсыздығын жою және мынау белең алып жатқан заңсыз ойын бизнесіне тосқауыл, лудоманияға қарсы жастардың иммунитетін қалыптастыру».
Жауаптылардың мәліметінше, Түркістан облысында қаржылық білімнің жетіспеушілігінен 600-ге жуық адам зардап шеккен. Сонымен қатар әлеуметтік желіде қаржылық пирамидаға қатысты 1500 жарнама анықталып, бұғатталған екен.
Батырхан Байгөзиев, Шымкент қаласы прокуратура басқармасының бастығы: «Халықтың сауаттылығын көтеру мәселесі және еліміздегі экономикалық қауіпсіздікті нығайту мәселесіне бірқатар іс-шаралар атқарылған болатын».
Қазіргі уақытта сала мамандары білім ұяларындағы оқушылар мен студенттерге түсіндірме жұмыстарын жүргізуде. Түркістан облысында 3 айдан бері жалғасып келе жатқан акцияның Шымкентте өткізілуді жергілікті халық өзі ұсынған дейді ұйымдастырушылар. Сол себепті де олар, бүгінгі таңда ғаламтор арқылы айласын асырып былайғы тіршілікте де айылын жимай тұрған алаяқтықтың алдын алу жолдарын жастарға көрсетуде.