Былтырдан бері мемлекетке 8,5 млн. га астам жер қайтарылған, оның 2,8 млн. гектары пайдалануға берілді. Вице-премьер Тамара Дүйсенованың айтуынша, пайдаланылмай бос жатқан немесе бір кезде заңсыз берілген ауыл шаруашылығы жерлерін, оның ішінде жайылымдарды қайтару үшін белсенді түрде жұмыс жүргізіліп жатыр.
«2022 жылдың басынан бері 8,5 млн гектардан астам жер қайтарылды, оның 2,8 млн гектары қазірдің өзінде елдің игілігіне берілді. Қайтарылған жердің көбі халыққа мал жаю үшін беріліп жатыр», — деді Дүйсенова мәжілістің жалпы отырысында.
Вице-премьер заңнамалық актілерге жайылымдарды пайдалану мәселесі бойынша өзгерістер енгізу үшін депутаттардың бастамасымен ауқымды жұмыс жасалып жатқанын атап өтті.
Бұл өзгерістер жайылымдарды басқа жер түрлеріне ауыстыруға тыйым салу, оларды мал жаю үшін резервке қою, жайылымдық жерлерді алу нормативтерін ұлғайту және басқа да нормалар арқылы жайылымдық жерлерді ұтымды пайдалануға мүмкіндік бермек.