Жетісай ауданында жергілікті тұрғын марихуананы моншасында сақтаған. Сонымен қатар оның үйінің ауласынан да есірткі заты бар өсімдік түптері табылған.
Түркістан облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, тәртіп сақшылары жедел-профилактикалық іс-шара жүргізіп, есірткі заттарын заңсыз егуге және сақтауға күдікті жергілікті тұрғынды анықтаған.
«Жедел уәкілдер үйдің ауласын тінту кезінде есірткі заты бар өсімдік түптерін тапты. Ал моншасынан «кептірілген марихуанаға» ұқсас зат тәркіледі. Алынған заттай дәлелдемелер сараптамаға жіберілді. Қорытындыға сәйкес, есірткі затының жалпы салмағы 20 грамнан асатын «марихуана» болып шықты» делінген ПД мәліметінде.
Бұл факт Қылмыстық кодекстің 300-бабы «Құрамында есірткі заттары бар өсіруге тыйым салынған өсімдіктерді заңсыз өсіру» және 296-бабы «Өткізу мақсатынсыз есірткі құралдарымен, психотроптық заттармен, олардың аналогтарымен заңсыз жұмыс істеу» бойынша тіркелді. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ ер адамның есірткіні қандай мақсатта сақтағаны анықталуда.