(Фото: ашық дереккөз)
Бүгін Қазақстан халқының саны 20 миллионға жеткені туралы қуанышты хабар тарады. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, еліміздің бес өңірінде бір мезетте дүние есігі ашқан 5 сәби Қазақстанның 20 миллионыншы тұрғыны атанған. Оның бірі Түркістан облысы, Жетісай ауданында туылған.
Бұл сәбиге Әлімхан деген есім берілді. Нәресте Шәкеновтер отбасындағы төртінші перзент.
Сәбидің салмағы – 3400 гр, ал бойы – 51 см.
Анасы – Гүлмира Ізтілеуова орта мектепте биология пәнінің мұғалімі, ал әкесі Ерғали – қарапайым жұмысшы. Жас отбасы «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша шалғай ауылда еңбек етуге ниеттеніп отыр. Тіпті ол үшін қажетті құжаттарын тиісті мекемеге тапсырып та үлгерген екен.
Еске салсақ, Ұлттық статистика бюросындағылар Түркістан, Ұлытау, Жетісу, Атырау және Ақмола облыстарында бір мезетте дүниеге келген 5 сәби еліміздің 20 миллионыншы атанғанын хабарлаған болатынбыз.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халық санының 20 миллионға жеткені туралы жағымды жаңалықпен барша қазақстандықтарды құттықтады.
«Халқымыздың саны 20 миллионға жетті! Баршаңызды ақжолтай жаңалықпен құттықтаймын! Бақытты отбасы – бақуатты елдің негізі. Мемлекет отбасы құндылықтарын нығайтуға, ана мен баланы қорғауға баса мән береді»,-деп жазды Мемлекет басшысы Twitter парақшасында.