Баспана кезегінде тұрған 21 мыңнан астам адам тізімнен шығарылды

46
фото Ашық дерекөз
Қазақстанда үй алуға кезекте тұрған 21 607 адам тізімнен шығарылды. Бұл туралы Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев мәлімдеді.
Бүгінде алдын ала мәліметтер бойынша 646 мың адам кезекте тұр. Олардың ішінде 232 мыңы талапқа сай емес. Сол себепті баспана кезегінен шығарылатын болады. Талапқа сай келмейтіндер:

96,1 мыңының соңғы 5 жылда тұрғын үйі болған;

533 адамның Қазақстан азаматтығы жоқ;

91,4 мың азаматтың тіркеу орны (тіркелу) кезекте тұрған өңірімен сәйкес келмейді;

29 мың адамның тіркелу орны жоқ;

15,6 мыңы – қайтыс болғандар.

Министрдің айтуынша, бұрын жергілікті атқарушы органдар осы жұмысты тиімсіз жүргізген.
“Бүгінгі күні әкімдіктер бізбен бірге осы бағыттағы жұмыстарды бастап кетті. Осы жылдың 1 тамызынан осы күнге дейін кезекте тұрған 21 607 адам тізімнен шығарылды”,-деді Қанат Шарлапаев Мәжілістің жалпы отырысында.
Министр соңғы бес жылда үйі болған 96 мың адам баспана кезегінен толығымен шығарылатынын ерекше атап өтті. Қалғаны «Отбасы банкіне» беріледі. Сосын әрбір адамның мәселесі жеке-жеке қаралады.