Биыл Келес ауданына 10 млрд. теңге инвестиция тартылды

27

Келес ауданында 2025 жылға дейін 4 жобаға 51 млрд. теңге инвестиция тартылады деп көзделген. Ал биыл кәсіпкерлік нысанға салынған қаражат көлемі 10 млрд. теңгені құрады. Егер жоспар толық орындалса аймақта 1000-ға тарта жаңа жұмыс орны ашылады.

Келес ауданында жыл басынан бері өндірілген өнім көлемі 81 млрд. теңгеден асты. Ал тартылған инвестиция соммасы 10 млрд.-қа жетті. Нақты көлем индексі 120 пайызды құрайды. Аймақ басшысы негізгі түсім ауыл шаруашылығы тауарларына тиесілі екенін айтады.

Жәнібек Ағыбаев, Келес ауданының әкімі: «Биылғы жылға осы көрсеткіштерді көтеру бойынша талдау жұмыстары жүргізіліп, орындау бойынша нақты іс шаралар атқарылып жатыр. Түркістан облысы бойынша Келес ауданы ең ірі қазіргі заманға сай нарықтық инфрақұрылымның негізі қаланған өнеркәсіптік-аграрлық аумақтардың бірі болып саналады. Ауданымыздың негізгі даму бағыты ауылшаруашылық саласы. Оның үлесі 64,0%-ды құрайды. Егін және мал шаруашылығын дамытуға қолайлы аймақ қатарында»

Ауданда 133 мың тұрғын болса, оның 70 мыңға жуығы белсенді тұрғындар қатарына енеді. Жәнібек Ағыбаевтың мәліметіне сәйкес жұмыссыздық көрсеткіші 5 пайызды құрайды. Ал бұл статистиканы жақсарту үшін арнайы жасақталған бағдарламаның қосқан үлесі мол.

Жәнібек Ағыбаев, Келес ауданының әкімі: «Жұмыссыздық деңгейін төмендету мақсатында инвестиция тарту жұмысын атқарып жатырмыз. Жаңа кәсіпкерлік нысандарын ашу, «Ауыл аманаты» арқылы жеңілдетілген несие беріп жатыр. Бұл жайында аудан тұрғындарына түсіндіру жұмысын жүргізіп жатырмыз. Бұл жұмыссыздықпен күресудің ең дұрыс жолы деп санаймын»

Айта кетейік, «Ауыл – аманаты» пилоттық жобасына 4 ауылдық округі қатысады. Оның ішінде Қошқарата, Ошақты, Ақтөбе және Біртілек ауылдары бар. Онда 224 тұрғынның жобасы мақұлданып,139 бизнес жоспарға 770 млн. теңге несие берілді.