Еңбекші АПБ-на жергілікті тұрғын алаяқтың құрбаны болғанын айтып арызданды. Оқиға халыққа қызмет көрсету орталығында болған.
Жүргізуші куәлігін алуға өтініш беру үшін кезек күтіп отырған жігіт, кездейсоқ бейтаныс біреумен танысқан. Ер адам оны көлік жүргізу куәлігін еш қиындықсыз аз уақыт ішінде алып бере алатынына және онда таныстары бар екеніне сендірген. Өз қызметі үшін жәбірленушіден 200 000 теңге қаражат алып, ізін суытқан.
Анықтаушылар аталған жайтты «Алаяқтық» бабы бойынша тіркеп, жедел-іздестіру жұмыстарына кірісті. Нәтижесінде күдікті қала аумағында ұсталып, Еңбекші аудандық полиция басқармасына жеткізілді.
Тергеу барысында ер адам өз кінәсін толық мойындап, жасаған ісі үшін өкінетінін жеткізді. Жәбірленуші өзіне келтірген материалдық шығынның толық өтелуіне байланысты, азаматқа кешірім берді.
Сондай-ақ, қызметтік міндетін жедел әрі адал атқарғаны үшін, Еңбекші АПБ-ның анықтаушысы полиция аға лейтенанты Құдайқұл Абтикаевка өз ризашылығын білдірді.
Өз кезегінде тәртіп сақшысы тұрғындарды алаяқтардан сақ болуға және мемлекеттік қызметтерді арнайы мекемелерден белгіленген тәртіп бойынша алуға шақырды.