Есірткі заттары бейнеленген тауарларды сатуға тыйым салынады

Шымкент қаласы полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері және «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің мамандары ұдайы түрде қала аумағындағы сауда нүктелерінде есірткі және нашақорлықтың алдын алу бойынша ескерту жұмыстарын жүргізуде.

Аталған іс-шара барысында олар сатушылар мен сауда иелеріне ашық түрде есірткі заттары бейнеленген, адамның сезімі мен түйсігіне бейсаналық әсер ететін, есірткі заттарына қызығушылығын қалыптастыратын немесе оларды қолдайтын бейнелер мен жазулары бар заттарды сатуға болмайтынын ескертуде.
Ол үшін қолданыстағы заңнамаға сәйкес , ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 423-бабы (Есірткі, психотроптық заттарды және сол тектестерді, прекурсорларды насихаттау немесе заңсыз жарнамалау) бойынша жауапкершілік қарастырылған.
Заңды елемеген азаматтарды лицензиядан айыра отырып, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне – үш жүз, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – бес жүз, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне бір мың айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады.
Осы мақсатта тәртіп сақшылары кәсіпкерлерге арнайы дайындалған ақпараттық жадынамалар таратуда.