Көлік нөмірін бояп, жасырғандар заңмен қудаланады

0

Үкімет ақымақ емес! «Автокөлік нөмірін бояп, оны жауып қойсаң, айыппұл арқаламайсың» деген әлеуметтік желідегі ақпараттар шындыққа жанаспайды.

Осы сынды видеоларды зерделеген полиция бұл әрекеттің негізсіз әрі заңға қайшы екенін айтады. Себебі бүгінде қалада жол ережесін бұзған көліктерді автоматты түрде тіркейтін құрылғылар 300 орында және 2 арнайы автокөлікте «Кибер-Шериф» комплексі жұмыс істеп тұр. Тәртіп сақшылары құқықбұзушылар айыппұлдан құтыла алмайтынын алға тартты.

«Ауа райының қолайсыздығы, мемлекеттік тіркеу белгі нөмірлеріне «пленка» жабыстыру немесе бояу құрылғылардың жұмыс істеулеріне кедергі келтірмейді. Егер мемлекеттік тіркеу белгі нөмірінің бір санын немесе бір әрпін жауып алып, автокөлікті басқарған жағдайда, жедел басқару орталығындағы бейнебақылаулар және “Қорғау” жүйесі арқылы аталған автокөлік жүргізушісі анықталып ұсталады. Тіркелген әкімшілік айыппұлдар оның атына толығымен жазылып, Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 590-бабының 4-тармағына сәйкес жауапкершілікке тартылады. Ол жерде жауапкершілігі 5 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алынады. Және 1 жылға дейін көлік жүргізу құқықтарынан айырылады» ,- дейді әкімшілік полиция басқармасының бастығы Ерғали СҮЛЕЙМЕНОВ.

Полиция қызметкерлері мемлекеттік тіркеу нөмірін жасырудан пайда жоқ екенін айтады. Себебі заң өкілдері бүгінде тіпті нөмірсіз көлік айдағандарды да табуға қауқарлы. Ал көлік құралдарын пайдалану қағидаларын бұзғандарға қатысты арнайы бап бойынша іс қозғалып, жауапкершілікке тартылатынын да қатаң ескертеді.