Медициналық пойыз енді түркістандықтарға қызмет көрсетуде

27

Медициналық пойыз Түркістан облысына келді. Білікті дәрігерлерден құралған топ жергілікті ауыл тұрғындарына тегін медициналық қызмет көрсетеді. Топ құрамында — 22 ақ халатты бар. Вагондар заманауи құрылғылар мен жеке зертханамен қамтылған.

«Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы Отырар ауданындағы «Ақшоқат» станциясына келіп тоқтады. Таң ата өз жұмысын бастаған медициналық пойыз ауыл тұрғындарына тегін медициналық, психологиялық, құқықтық және медиативтік көмек көрсетеді.

Жоба аясында дәрігерлер келушілерге медициналық сақтандырылған немесе сақтандырылмағанына қарамастан қызмет көрсетеді. Яғни, тұрғындар терапевт пен педиатр, акушер-гинеколог, уролог, лор, окулист, невропатолог, стоматолог және кардиологтың қызметін ақысыз ала алады.

Гүлбаршын Сотбекова, Отырар ауданының тұрғыны: “Арнайы дәрігерлерге УЗИ, кардиолог, окулист және гинекологқа қаралуға келдім”

Мұндағы купелердің біріндегі зертхана жалпы қан анализін алуға лайықталып жасақталған. Бұдан бөлек, науқастар жүрек УЗИ, флюрография, электрокардиограмма жасата алады.

Мөлдір Орбасова, Отырар ауданының тұрғыны: «Барлық дәрігерлерге алғысымды айтамын. Барлығын түсінікті тілде. Терапевт, кардиологта болдым УДЗ  жасадым».

Дәрігерлер кейде күніне 600 адам қабылдауға тура келеді дейді. Оны барлық ауылдық емханаларда кей сала мамандарының жоқтығымен түсіндіреді.

Айнұр Егінбаева, “Саламатты Қазақстан” медициналық пойызының бас дәрігері: «Біздің стоматолог, кардиолог, окулист мамандарға сұраныс жоғары. Келушілердің басым бөлігі сол мамандардан көмек алғысы келеді. Стоматолог қазір балаларға, жүкті әйелдерге қызмет көрсетіп жатыр. Мұндағы басты ерекшелік, медициналық пойызбен келген құрам тұрғындарға түгел дерілік тегін көмек көрсетеміз».

Шалғай жатқан аймақ тұрғындарына қолдау көрсету мақсатында жолға шыққан пойызда, дәрігерлермен қатар ауыл азаматтарына заңгер-медиаторлар да қызмет көрсетуде.

Талғат Әміржанов,  “Саламатты Қазақстан” пойызының кәсіби медиаторы: «Адамдар түрлі сұрақпен келеді. Бірін жұмысқа орналасу, кейбірін жәрдемақы, алимент мәселесі толғандырады. Отбасылылқ мүлікке қатысты жағдайлар да бар, бәріне кеңес береміз. Әлі 2 күн осында боламыз».

Бұл жылжымалы емхананың жұмысы сәуір айында Алматыдан басталған еді. Осы күнге дейін 65 мың азаматқа көмегін көрсетті. Келесі аялдама Қарақоңыр станциясы. Жақын арада пойыз Түркістан облысының шет аймақтарын аралап, кейіннен Жамбыл облысына қарай аттанады. Аталған медициналық құрам алтыншы желтоқсанға дейін жұмыс істейтін болады.