Шымкент тұрғыны мектеп мұғалімі болу үшін алаяққа миллион теңге берген.
Полиция хабарлауынша, алаяқтық туралы арызбен 27 жастағы азаматша жүгінген. Айтуынша, аз ғана уақыт таныған әйел оған оқу орындарының біріне жұмысқа орналасуға көмектесуге уәде берген. Алайда ол бұл қызметін 1 млн теңгеге бағалаған.
«Аталған жайт Қылмыстық кодекстің 190-бабымен тіркелді. Криминалдық полиция қызметкерлерінің жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде 36 жастағы күдікті тұрғылықты жері бойынша ұсталды» делінген полиция мәліметінде.
Тексеру барысында күдікті әйелдің осыған ұқсас басқа да қылмысқа қатысы бар екені анықталған. Ол тағы бір азаматшаны мемлекеттік бағдарламамен кезексіз пәтер мен бизнес-идеяларды іске асыруға арналған қайтарымсыз грант алып беремін деп 1,5 миллион теңгеге сан соқтырған.
Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу әрекеттері жүргізілуде. Соның нәтижесі бойынша процестік шешім қабылданатын болады.