Мектеп мұғалімі ерекше қолөнер бұйымдарын жасайды

Бәйдібек ауданында ерекше материалдан әсемдік бұйымдарын жасайтын келіншек тұрады. Сәндік дүниелердің пайдасы да жоқ емес. Туындылар түнде шам рөлін атқарады. Қолөнердің жаңа түріне қажет материалдар елімізде жоқтың қасы дейді шебер. 

Көздің жауын алатын бұл гүлдер Мөлдір Торланбаеваның қолынан шыққан туындылар. Бір қарағанда табиғи гүлге ұқсайтын әсемдік бұйымдарын жасау – оның күнделікті жұмысы. Сөзінше, өнердің әсем де күрделі түрімен айналысып жатқанына 1 жылға жуықтаған. Күндіз сәндік бұйым рөлін атқаратын гүлдер, картиналар, тіпті құстар түнде майшамның рөлін атқарады.

Мөлдір Торланбаева, Бәйдібек ауданының тұрғыны: «Жалпы изолон материалын жылу сүйгіш, автофенмен жасаймын. Қалыптарын келтіріп, сол арқылы құрастырамын. Мұның ішінде шнуры, лампасы бар және ыстық желім қажет бізге. Ең қиыны – тауыс құсы. Осыларға көп уақыт кетеді. Жұмыстары көп.»

Мектепте көркем еңбек пәнінен тәлім беретін ұстаз мұндай өнерді тек оқушыларға ғана емес, сабақтан тыс уақытта ересектерге де үйретіп жүрген көрінеді. Ал Мөлдір Торланбаеваның шәкірті Еркеназ қолөнер бұйымдарын жасауды үйрене бастағанына 2 айдан асқан. Аз ғана уақыттың ішінде жасаған бұйымдары туралы ғылыми жоба қорғап, бірнеше байқаудың жүлдегері атанып үлгерген.

Еркеназ Оазбек, Бәйдібек ауданының тұрғыны: «Алтын қазына» байқауына қатыстым балалар арасындағы, сол жерде осы қолөнер жұмысын көрсетудің арқасында бірінші орынға ие болдым. Және бұл жұмысты жасап жатқаныма 2-3 айдай уақыт болды. Гүл жасау барысында маған қиындық тудыратын жері – түс таңдау. Гүл жасаған кезде оның ең алдымен үйлесімділігіне мән беруіміз керек. Гүл композициясы дұрыс құрылған болса, онда гүл ерекше болып шығады.»

Қолөнер туыныдыларына изолон материалы қолданылады. Алғашында қажетті керек-жарақты шетелден тапсырыс беріп келген әйел бұл материал елімізге енді келіп жатқанын айтады. Сыйға беруге, үйді әсемдеуге таптырмас туындыға сұраныс күннен-күнге артып келетін көрінеді. Тіпті, әлеуметтік желі арқылы елдің түкпір-түкіпірінен тапсырыс та жоқ емес.