Мүгедектігі бар 75 тұрғын квота бойынша жұмысқа орналасқан

44

Шымкент қаласында 50 мекеме мүгедектігі бар азаматтарды квота бойынша жұмысқа қабылдайды. Жыл соңына дейін мүмкіндігі шектеулі 227 азаматты жұмыспен қамту көзделген. Қазіргі таңда 75 адам екі қолға бір күрек тауып үлгерген. 

Меруерт Тайтелиева қараша айының басында қаладағы №5 емханаға жұмысқа орналасқан. Ол медициналық мекемеде өз мамандығы бойынша жұмыс істейді. 2019 жылдан бері жұмыссыз болған 33 жастағы әйел мұнда «Тең қоғам» орталығы арқылы келген. Церебральды сал ауруына шалдыққан 3-топ мүгедегі өзін ұжым өте жылы қарсы алғанын айтады.

«Осы қараша айының басынан бастап бұйрық шықты. Бірден жұмысқа шықтым. «Тең қоғам» арқылы келдім. Ұжым жақсы, жұмыс істеген ыңғайлы, оңай. Әйтеуір бәрі жақсы, тыныш, өзіме ұнайды.» — дейді №5 қалалық емхана қызметкері Меруерт Тайтелиева.

Биыл үшінші мегаполисте квота бойынша 50 мекеме 227 мүгедектігі бар азаматты квота бойынша жұмысқа қабылдайды. Қазіргі таңда 35 жұмыс беруші мекемеге 88 азаматтың құжаты жолданып, оның 75-і жұмысқа қабылданған.

Гүлзат Құдайбергенқызы, «TEN QOGAM» әлеуметтік қолдау орталығының бөлім басшысы:

«Жыл басынан бері 75 адам жұмысқа орналасты. Әр түрлі мекемеге, атап айтқанда осы айдың ішінде №5 қалалық емхана, Әл-фараби кітапханасына, №4 колледжге орналасты. Жылдың соңына дейін әкімнің қаулысы бойынша 227 квота бөлінген, жұмыс жасап жатырмыз. «Еңбек мобильділігі» орталығымен бірге жұмыс жасаймыз.»

Жалпы Шымкент қаласында 2023 жылы 1780 мүгедектігі бар азамат жұмыспен қамтылған. Олардың көпшілігі әлеуметтік жұмыс орындары, жастар практикасы, қоғамдық және алғашқы жұмыс орны, «Күміс жас» жобасымен орналастырылған. Сондай-ақ, 957 адам «Бизнес бастау» жобасы бойынша оқуға жолданып, 90 азамат мемлекеттік грант бойынша комиссияның қорытындысымен оң шешім алған.