Мұнай өнімдерін жеткізу шарттары өзгерді

23

Парламент мәжілісі «Қазақстан үкіметі мен Ресей үкіметі арасындағы Қазақстанға мұнай және мұнай өнімдерін жеткізу саласындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы келісімге өзгеріс енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заңды қабылдады.

Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиевтің айтуынша, 2010 жылғы 9 желтоқсанда Қазақстан мен Ресей үкіметтері арасында Қазақстан Республикасына мұнай және мұнай өнімдерін жеткізу саласындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы екіжақты келісімге қол қойды.
Екіжақты келісімнің 3-бабында 2014 жылғы 1 қаңтардан бастап Ресейден Қазақстанға әкелінетін Кеден одағының сыртқы экономикалық қызметінің бірыңғай тауар номенклатурасының 27-тобында жіктелетін мұнай және мұнай өнімдері есепке алу мақсатында Ресей Федерациясында олар Кеден одағының кедендік аумағынан тыс әкетілгендей кедендік декларациялауға жататыны белгіленді. Бұл шарттар Ресей тарапына мұнай өнімдерін экспорттық кедендік баж салығынсыз Қазақстан Республикасына әкету есебін жүргізуге мүмкіндік береді.
«2019 жылы Ресей тарапы екіжақты келісімнің 3-бабына өзгеріс енгізу туралы ұсыныспен шықты. Ұсыныс Ресей Федерациясында кедендік декларациялау арқылы статистикалық есепке алуды жалғастыру, бірақ 2022-2024 жылдары мұнай және мұнай өнімдерін құбыр көлігімен әкетуді қоспағанда, Қазақстанға мұнай өнімдерін жеткізу кезінде уақытша мерзімді декларациялау рәсімін қолдануды алып тастау туралы болды», – деді Сәтқалиев мәжілістің жалпы отырысында.
Екі елдің кеден кодекстерінде уақытша мерзімді декларациялау рәсімі көзделген. Министрдің айтуынша, Ресей мұнай өнімдерін Қазақстанға әкету кезінде уақытша мерзімді декларацияны қолдануды жою қазақстандық кәсіпкерлерге сатушыны, жеткізу шарттарын және тиісінше олар үшін қолайлы бағамен таңдауға мүмкіндік беріп, оң әсерін тигізеді.
Мәжіліс заңды қабылдап, сенаттың қарауына жолдады.