«Өзін әскери адам ретінде таныстырады»: Интернет-алаяқтықтың кең тараған түрі туралы шымкенттік киберполицейлер айтып берді

51

Қазіргі қоғамда интернет желісін пайдаланушыларға қатысты жасалатын қылмыстар өзекті мәселеге айналды. Полицейлер тұрғындарды интернет-алаяқтықтың түрлері мен киберқауіпсіздік ережелері туралы ақпараттандыруға бағытталған барлық қажетті шараларды қабылдауда.

Шымкент қаласы ПД-нің қызметкерлері желіде жиі кездесетін тағы бір алдау түрі туралы түсіндірді.
Тәртіп сақшыларының айтуынша, алаяқтар танымал интернет-платформаларда қолданылған тұрмыстық техника немесе жиһаз сату туралы жарнамаларды орналастырады. Мысалы, олар «ОЛХ» сайтында тауарды арзан бағада көрсетіп, сатып алушыны алдын ала төлем жасауға көндіреді. Құрбанының сеніміне кіру үшін алаяқтар Волохов, Хохлов, Громов текті азаматтардың жеке куәлігін немесе әскери қызметтік билетін жолдайды. Сонымен қатар, клиенттің өтініші бойынша олар сатылымдағы заттың қосымша фотосуреттері мен бейнежазбаларын (жарияланымда көрсетілген) ұсына алады.
– Бұл схеманы қазіргі уақытта қылмыскерлер кеңінен қолданады, — деп атап өтті полицейлер.
Осыған байланысты полиция департаменті ескертеді: Жарнамалық сайттарды пайдалансаңыз, әрқашан затты алғаннан кейін ғана төлем жасаңыз; егер сатушы сізге жеке құжаттарын жіберсе, одан бейнеқоңырау арқылы байланысуын сұраңыз; тауардың қолжетімді екеніне көз жеткізіңіз; ешқашан бейтаныс адамдарға жеке деректеріңізді, банк картасының нөмірлерін және кодтарды жібермеңіз.